Кездесудегі бірінші голды 24-минутта Денис Мальгин соқты. Ал екінші кезеңнің соңында Дарио Симион есепті еселей түсті. Ойынның 46-минутында біздің құрама есеп айырмасын қысқартып, Джесси Блэкер турнирдегі алғашқы голын соқты. Кездесудің аяқталуына 4 минут қалғанда Даниэль Герцог өз командасының басымдығын арттырғанымен, кейін қазақстандықтар сапынан Валерий Орехов екінші голды соқты. Ойынның соңғы минуттарында Қазақстан құрамасы қақпашыны алып тастағанымен, есепті теңестіре алмады.
Осы матчтағы қақпашы Андрей Шутовтың тамаша ойынын атап өткен жөн болар. Ол қарсыластың 40 соққысын қайтарды. Ал кездесудің үздік ойыншыларына марапаттарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев табыстады. Бұл атаққа біздің команда сапында қорғаушы Валерий Орехов ие болды.
Осы кездесуден кейін Швейцария А тобында Канаданы қуып жетті. Қос команда да үш ойында жеңіске жеткен. Алғашқы кездесулерде еуропалық команда 11 гол, Солтүстік Америка құрамасы 16 (үш кездесуде) гол соқты. Ал Юрий Михайлистің шәкірттері мен Италия құрамасы кездесулерде бірде-бір ұпай жинай алмаған екі команда болып қалды.
Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ойынға қатысты пікір білдірді.
"Жақсы матч болды. Команда айдынға көтеріңкі көңіл-күймен шықты. Олар жеңіске деген құлшыныс танытып, әрбір ойыншы ойынның әр сәтінде барын салды. Команда бұл кездесуге жеңілеміз деп емес, жеңіске жетеміз деген оймен шықты. Гол соғуға жақсы мүмкіндіктер болды. Ойламаған жерден үшінші голды жіберіп алдық. Бірақ еңсемізді түсірмей, соңына дейін күрестік. Соңғы шабуылдар сәтсіз аяқталды, хоккейшілеріміз шаршады", – деді Юрий Михайлис.
Швейцария - Қазақстан 3:2 (0:0, 2:0, 1:1)
1:0 - 23:58 - Мальгин (Курашев, Сиегенталер)
2:0 - 34:32 - Симион
2:1 - 45:47 - Блэкер
3:1 - 55:39 - Герцог (Амбюль)
3:2 - 57:52 - Орехов (Михайлис, Волк)
Қақпашылар: Эшлиманн - Шутов
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 19 мамырда Канадаға қарсы өткізеді. Матч елорда уақытымен 23:20-да басталады.
Ермұхамед Мәулен