Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіне дайындықты бастады

1502

"Дэвис кубогі-2022" турнирінің финалдық кезеңінің басталуына екі күн қалды. Матчтар 13-18 қыркүйекте өтеді. D тобының командалары Шотландияның ең ірі қалаларының бірі Глазгода өзара мықтыны анықтайды. Онда АҚШ, Ұлыбритания, Қазақстан және Нидерланды құрамалары бақ сынайтын болады.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіне дайындықты бастады

Ұлыбритания патшайымы Елизавета II-нің өлімі турнирге әсер етпей қоймады. Елде он күндік қаралы күн жарияланды. Хаттамаға сәйкес, осы кезеңдегі барлық ойын-сауық және спорттық іс-шаралар өтпеуі керек еді.  Бірақ үкімет бұл шешімді жеке федерациялардың қарауына қалдырды. Ұлыбританиялық теннис қауымдастығы Глазгодағы Дэвис кубогінің топтық кезеңі міндетті түрде өтетінін хабарлады. Әр ойын күнінің басында бір минут үнсіздік жарияланып, мемлекеттік әнұран шырқалады.

Аза тұтуға байланысты Ұлыбритания құрамасы жеңдерінде таңғыштарымен ойнайды. Сондай-ақ 18 қыркүйекке жоспарланған Қазақстан құрамасының алаң иелеріне қарсы финалдық ойыны дәл осы күні өте ме, ол белгісіз. Егер жерлеу рәсімі 18-і күні өтсе, матч 19-ына ауыстырылуы мүмкін. Патшайымның өлімі ұлыбританиялық команданың көңіл-күйіне қалай әсер ететіні белгісіз. Сондықтан Леон Смиттің шәкірттері эмоционалды күйзеліске ұшырауы мүмкін.

D тобындағы матчтар Commonwealth Arena және Сэр Крис Хой Велодромда өтеді. Ол көбінесе Emirates Arena деген атпен танымал, сыйымдылығы 8 500 адамға дейін жабық стадион. 2014 жылғы Достастық ойындары үшін салынған бұл спорт нысанында бадминтон және велоспорт жарыстары өтті. 2015 және 2016 жылдары британдықтар Дэвис кубогінің жартылай финалын осында өткізді. Сондай-ақ биылғы жылдың қараша айында Emirates Arena-да Билли Жан Кинг кубогінің финалдық кезеңі өтеді. Онда қазақстандық команда Ұлыбритания және Испания командаларымен С тобында өнер көрсетеді. Аренадан жүз метр жерде "Селтик" футбол клубының стадионы – Селтик Парк орналасқан.

Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы Глазгода әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті. Михаил Кукушкин барлық командалардың дәрежелері бірдей және барлығы ширек финалға өте алады деп есептейді.

"Командалардың қайсысы келесі кезеңге өтетінін болжау өте қиын. Біздің топтың әр командасында – жекелей де, жұпта да мықты ойыншылар бар. Біз барлық матчтарға дайындалып жатырмызү. Бұл өте қиын жекпе-жек болады. Біздің команданың артықшылығы бұл кубок ойындарындағы тәжірибесі. Біз кез келген күшті команданы жеңуге қабілетті екенімізді бірнеше рет дәлелдедік және мұндай турнирде жеке рейтинг емес, командалық рух маңызды", – дейді теннистен Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы Михаил Кукушкин.

Сонымен қатар команда капитаны да алда өтетін ойындарға қатысты өз пікірін білдіре кетті.

"Біз қиын топқа тап болдық. Онда мықты командалар әлемдік рейтингтің ТОП сатысында тұрған ойыншылармен бірге жиналды. Бұрын Ұлыбритания және Голландия құрамаларымен кездескенбіз. Ал Дэвис кубогінің финалдық кезеңдерінде ойнау тәжірибесі мол америкалықтармен біздің команда алғаш рет күш сынасайын деп отыр. Алдағы уақытта бізді керемет матчтар күтіп тұр. Әр ойында барымызды салып, ширек финалға шығуға тырысамыз", – деді команда капитаны Юрий Щукин.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу