Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

1374

Қазақстан құрамасы Литвада өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Ширек финалда Рикардо Кака шәкірттері Иранмен ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Бірінші таймның қорытындысы бойынша Қазақстан 0:2 есебімен ұтылып жатты. Команда 8 және 15-ші минуттарда гол жіберіп алды. Мослем Оладгобад пен Ахмад Эсмаэльпур ерекшеленді.

Бірақ, кездесудің 25-минутында Иран қақпашысы Алиреза Самими Дәурен Тұрсағұловтың соққысынан кейін өз қақпасына гол соғып алды. Ал 29-минутта қазақстандық шабуылшы Арнольд Кнауб есепті теңестірді. 39-минутта Тайнан жеңіс голын соқты.

Матч аяқталған соң Қазақстан Футбол Федерациясының президенті еліміздің құрамасын жеңісімен құттықтады.

"Қазақстан құрамасы футзал әлемінде үздіктердің бірі екенін дәлелдеді. Еуропа чемпионатының үздік төрттігіне кірген командамыз енді жер жаһанда таңдаулы 4 команданың тізіміне еніп отыр. Күллі Қазақстан жанкүйерлерін және ойыншыларды осы бір жеңіспен құттықтаймын! Бұл команданың, алаңға шыққан қайсар жігіттердің, оның сыртында еңбек етіп жүрген мамандардың ортақ жеңісі. Иран секілді атақты командадан жеңіліп жатып, жігер көрсеткен жігіттеріміздің ел абыройы сынға түскен шақта бар күшін салуы - бұл елдік рухтың, ұлттық ерекшеліктің арқасы. Алға Қазақстан!", – деді ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков.

Әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан Португалиямен ойнайды. Матч 30 қыркүйек күні өтеді. Екінші жартылай финалдық кездесуде Бразилия мен Аргентина күш сынасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу