Жартылай финалдық кездесу Каунаста өтті және ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта командалар тағы бір-бір голдан соқты. Португалия сапында Анилтон Сезар Пани (23) мен Бруно Коэльо (49) гол соқты. Қазақстан құрамасынан Дәурен Нұрғожин (40) мен Дуглас (42) дәл соққыларымен ерекшеленді. Пенальти сериясында сәттілік португалиялықтар жағында болды (4:3). Дуглас пен Арнольд Кнауб өзінің мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Матч аяқталған соң ұлттық құраманың бас бапкері ойынға қатысты пікір білдірді.
"Бұл футзалдан Әлем чемпионатының жартылай финалы. Ойын дәл осылай болуы керек еді. Екі команда да жақсы ойнады. Біз пенальтиде ұтылдық. Мұны лотерея деп айта алмаймын. Олар ойынның осы кезеңінде жақсы болды. Енді не істеу керек? Енді тағы да пенальтилер болған кезде ұтылмау үшін жұмыс істеу керек. Алдағы матч та қиын болады. Себебі екі түрлі стильдегі екі команда. Біздің алдағы міндетіміз - қайта бабымызға келу. Жігіттер көп күш жұмсады. Қайта бабымызға келіп ойнауымыз керек", - деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.
Сонымен қатар құрама қақпашысы Игита да өз ойымен бөлісті.
"Футзалды жақсы көретіндердің барлығы үшін өте қызықты матч болды. Бұл әлем чемпионаты. Бір деңгейдегі екі команда. Бізде көптеген жақсы мүмкіндіктер болғанын барлығы көрді. Соңына дейін күрестік. Дегенмен бізде әлі де үшінші орын үшін өтетін бір матч бар. Жеңіске жету үшін Қазақстанның бізге қолдау көрсетуін сұраймын" - деді Игита матчтан кейін тікелей эфирде.
Енді Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін матчта Бразилиямен кездеседі. Ал Португалия финалда Аргентинамен ойнайды. Бұл ойындар 3 қазанда өтеді.
Ермұхамед Мәулен