Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында командалық есепте жеңіске жетті

1839

Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен бокстан Азия чемпионатының соңғы жарыс күні ерлер арасында бес қазақстандық боксшы финалдық жекпе-жек өткізді.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында командалық есепте жеңіске жетті

18 жасар Даниял Сәбит Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Ол 49 келіге дейінгі салмақта финалдық жекпе-жекте Нодиржон Мирзахмедовпен кездесті. Өзбекстан өкілі Азияның қазіргі чемпионы және өз атағын бұл жолы да қорғап қалды.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, 24 жастағы Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол 69 келіге дейінгі салмақта финалдық жекпе-жек өткізді. Алтын медаль үшін күресте Жүсіпов өзбек боксшысы Бобо-Усмон Батуровқа қарсы рингке шықты. Қазақстандық бірінші раундта жарақат алып, жекпе-жек тоқтатылды. Төрешілердің шешімі екіге бөлінгенімен, жеңіс Батуровқа берілді.

Тағы бір қазақстандық Әбілхан Аманқұл Дубайда (БАӘ) өткен бокстан Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалды. 75 келіге дейінгі салмақта өткен шешуші жекпе-жекте оған өзбекстандық Саиджамшит Жафаров қарсы тұрды. Екінші раундта өзбекстандық боксшы нокдаунға түсті. Бірақ қайта күш жинап, жекпе-жекті жалғастырған Жафаров 4: 1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Әбілхан Аманқұл "күміс" жүлдегер атанды.

2016-жылы өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит күміс медальға ие болды. 33 жастағы боксшы 91 келіге дейінгі салмақта финалдық жекпе-жегін үндістандық Санджитке қарсы өткізді. Төрешілер жеңісті 4:1 есебімен үндістандық боксшыға берді. Дегенмен жекпе-жек барысында әбден Санджит шаршаңқы, ал Левиттің одан әлдеқайда күшті екені көрініп тұрды. Бірақ, төрешілер жеңісті үндістандық боксшыға берді. Осыдан кейін марапаттау кезінде Левит күміс жүлдені мойынына тағудан бас тартып, жекпе-жектің нәтижесіне қарсылығын ойылайша білдірді.

Сондай-ақ Қамшыбек Коңқабаев Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жекте Қазақстан құрамасының капитаны басты қарсыласы - нокауттарымен танымал өзбекстандық Баходир Жалоловпен кездесті. Бұл жолы өзбекстандық боксшы Қамшыбектен басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Айта кетейік, екі боксшы да Токио Олимпиадасына қатысады.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасы Азия чемпионатының жалпы командалық есебінде жеңіске жетті. Ерлер командасы бес күміс медаль жеңіп алса, әйелдер құрамасының сегіз боксшысы алтыннан алқа тақты. Жалпы Қазақстан құрамасы 16 медаль иеленді: сегіз алтын, алты күміс және екі қола.

Осылайша Қазақстан құрамасы 1-орынға, Өзбекстан (7-6-5) құрамасы 2-орынға ие болса, Моңғолия (3-0-5) үздік үштік қатарын толықтырды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу