Қазақстан құрамасы бас бапкерінің отаны – Болгариядан жеңілді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1890

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы екінші жолдастық кездесуін өткізіп, Станимир Стойловтың отандастарынан ұтылып қалды.

Қазақстан құрамасы бас бапкерінің отаны – Болгариядан жеңілді Фото: bfunion.bg

Қазақстан мен Болгария құрамалары арасындағы жолдастық кездесу Венгрияның Фельчут деп аталатын елді мекенінде өтті. Осы ойынмен еліміздің ұлттық құрамасының биылғы жылғы алғашқы оқу-жаттығу жиыны тәмамдады. Осыдан үш күн бұрын Венгрия құрамасын жеңіп, бүкіл Еуропаны таң қалдырған Қазақ елі футболшыларының бұл жолы бақтары жанбады. 

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов негізгі құрамға көп өзгеріс енгізген жоқ. Венгрия құрамасымен өткен ойынмен салыстырғанда, қақпашы Ненад Эричтің орнына Владимир Плотниковті шығарды. Ал қорғанысымыздың сол қанатын Дмитрий Шомкоға емес, бұл жолы Ғафуржан Сүйімбаевқа сеніп тапсырды. Сөйтіп команда капитаны да ауысты. Шомко алаңға шықпағандықтан, ұлттық құраманы Бауыржан Исламхан бастап шықты.

Болгария құрамасы біздің футболшылардың Венгрияны алғашқы он минутта қалай сергелдеңге түсіргенін көрген сықылды. Тіпті содан сабақ алып, қорытынды да шығарған секілді. Себебі матч басталған бетте алға қарай лап қойды. Қазақстан құрамасының ойыншыларын қақпаларына маңайлататпауға тырысты. Өздері қорғанысымызды бұзып өтуге тырысып, алға қарай ентелеумен болды.

Сондай сәттердің бірінде Ғафуржан Сүйімбаев жаза басып, Болгария шабуылшысынан көз жазып қала жаздады. Сытылып кетуіне жол бермеуге тырысып, екеуі де құлады. Төреші ойланбастан пенальти берді. Негізі, 11-метрлік айып соққысын беретіндей, дөрекі ойнаған жоқ сияқты еді. Бірақ бас қазы ойын ережесі бұзылды деп шешті. Пенальтиді Болгария құрамасының капитаны Ивелин Попов мүлтіксіз орындады. Допты қақпа "тоғыздығына" қарай бағыттады. Гол.

Жалпы, бірінші таймда Болгария құрамасы сәл де болса басымдық танытты. Сөз жоқ, футболшыларының шеберліктері – жоғары. Бірақ біздің жігіттер аянбай, жанкештілік танытты. Намысты қолдан бермеуге тырысты. Әйтсе де, ойын өрнектері аса үйлесе қоймады. Негізінен қорғануға тура келді.

Үзілісте Стойлов оларды біраз сілкіліп алған сыңайлы. Әрі ол екі ойыншымызды алмастырып, алаңға отандық жанкүйерлер сарыла күткен Еркебұлан Тұңғышбаевты шығарды. Өз кезегінде, Тұңғышбаев жарады. Оң қапталда атой салып, Болгария құрамасының қорғаушыларын әбден састырды. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, құйындай орап соқты.

Әрі гол соғып тынды. Сол қапталдан көлбеу ұшқан допқа қарсы ұмтылып, болгар қорғаушылары мен қақпашысынан бұрын қимылдап, сол аяғымен шірене тартты. Гол! Таразы басы теңесті.

Осы гол біздің футболшылардың өздеріне деген сенімділіктерін арттыра түскендей болды. Еркебұланның голынан қуат алған Қазақ елі құрамасы шабуылды үдете түсті. Болгария құрамасын тықсырып тастады. Стойловтың отандастары алға шығудан қалды. Бірлі-жарым қарсы шабуылдары  аса қауіпті бола қоймады.

Алайда біздің футболшылар Болгария қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. Мүмкіндіктер болған жоқ емес, болды. Тіпті доп қақпа бағанасына тиіп, бапкерлер құрамы мен жанкүйерлер аһ ұрды. Әсіресе, Роман Муртазаев ұрымтал сәттерде мүлт кетіп, гол соға алмай діңкелетті. Осылай ойын аяқталуға айналған. Станимир Стойлов матч соңына қарай ойыншыларымызды жиі алмастырып, қосалқы құрам орындығындағы жігіттердің бәрін де дерлік алаңға шығаруға тырысты.

Содан ойынның негізгі уақытына қосылған төрт минут та түгесілуге айналғанда, Болгария құрамасы біздің қақпаның маңынан айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. Әрі бақтары жанып, ойламаған жерден гол соғып кетті. Доғаша иіліп, әуелеп ұшқан допты қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да қағып жібере алмады. Бәрі де қап қалды. Гол!

Сөйтіп, Станимир Стойловтың отандастары жеңісті жұлып әкетті. Негізі, ойынның тең аяқталғаны әділетті болар ма еді?! Әйтсе де, футболшы жігіттерімізге ризамыз. Деңгейі жоғары Болгария құрамасымен тайталасып, намысты қолдан берген жоқ. Тек соңғы секундтарда босаңсымай, төрешінің ысқырығы безілдегенше сақ болса, бұлай өзегіміз өртенбес пе еді?!

Қазақстан – Болгария – 1:2 (0:1)

Голдар: И.Попов, 23-пенальтиден (0:1). Тұңғышбаев, 55 (1:1). Бодуров, 90+4 (1:2).

Қазақстан: Плотников, Сүйімбаев, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат, Зайнутдинов (Парагульгов, 46), Исламxан (Әліп, 90+3), Муртазаев (Ахметов, 90), Сейдаxмет (Перцух, 79), Хижниченко (Тұңғышбаев, 46).

Болгария: Илиев, С.Попов, Бодуров, Божиков, Панов (Александров, 58), Манолев (Неделев, 57), Славчев (Райнов, 61), Костадинов, И.Попов (Чочев, 58), Миланов (Кирилов, 58), Делев.

Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу