Қазақстан құрамасы Беларусьпен тең тарқасты

1094

УЕФА Ұлттар лигасы үшінші туры аясында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Беларусь құрамасымен тең түсті.

Қазақстан құрамасы Беларусьпен тең тарқасты

УЕФА Беларусь құрамасына санкция жасағаннан соң бұл ойын Сербияның Нови-Сад қаласындағы "Караджордже" стадионында өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Қазақстан құрамасы сапындағы голды 13-минутта Абат Айымбетов соқты. Орайы түскенде айтайық, бұл Қазақстан құрамасы шабуылшысының Ұлттар лигасында соққан үшінші голы. Қазір ол турнирдің үздік сұрмергендерінің қатарында. Ал нәтижелі пасты Ян Вороговский өз еншісіне жазды. 

Екінші таймда Беларусь құрамасы есепті теңестіру үшін алға ұмтылды. Бірақ "алаң қожайындарының" тепкен добы біресе қиыс кетсе, біресе қорғаушыларымыз қалқан бола білді. 80-минутта Беларус құрамасы алғашқы ең қауіпті шабуылын жасады. Осы тұста Евгений Яблонский тепкен допты Игорь Шацкий қайтарды. Алайда, 85-минутта Шацкий де сейф жасай алмады. Бұрыштан асырылған допқа Владислав Мильвевич жетіп, есепті теңістіріп кетті. 

Матч аяқталған соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Ұлттар лигасында Беларусь құрамасымен өткен ойынды (1:1) қорытындылады. 

"Менің ойымша, біз матчты жақсы бастадық. Бірінші таймның ортасында қарсыластар белсенділік танытты. Ол кезде өз ойынымызды жоғалтып алдық. Дегенмен матчтың басында белсенді болып, гол соқтық. Екінші таймда қарсыластың шабуылды үдететінін түсіндік. Біз де жақсы мүмкіндіктер ұйымдастырдық. Өкінішке қарай, гол соға алмадық. Матч соңында алаң иелері қысымды күшейтті және тағы бір гол соғуы мүмкін еді. Бірақ бізде де екінші голды соқпадық деген өкініш бар",- деді Адиев.

Осылайша, үш ойыннан кейін "С" тобындағы 3 себетте 7 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінде бірінші орында қалды. Екінші орында сырта алаңда Әзірбайжан құрамасын жеңіп, 6 ұпай жинаған Словакия құрамасы жайғасты. Ал қоржындарында 2 ұпайы бар Беларусь үшінші, 1 ұпайы бар Әзірбайжан төртінші сатыда. 

Енді Қазақстан құрамасы келесі кездесуін Словкаияға қарсы өткізеді. Ойын 13 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында болады.

Беларусь – Қазақстан – 1:1 (0:1)

Голдар: Малькевич 84 – Айымбетов 13

Ескертулер: Юденков 42 – Қуат 88

Беларусь: Павлюченко (қ), Печенин, Юденков (Громыко 46), Волков, Хадаркевич, Бегунов (Шевченко 75), Быков, Яблонский (к) (Климович 81), Эбонг, Седько (Богомольский 46), Бахар (Малькевич 65);

Қосалқы құрам: Хаткевич (қ), Плотников (қ), Швецов, Политевич, Бочаров, Гречихо, Подстрелов;

Бас бапкер: Георгий Кондратьев.

Қазақстан: Шацкий (қ), Вороговский (Сүйімбаев 58), Әліп, Марочкин, Малый, Қайыров, Қуат (к), Дарабаев (Досмағамбетов 77), Астанов (Васильев 76), Оразов (Жарынбетов 67), Айымбетов (Шушеначев 67);

Қосалқы құрам: Сейсен (қ), Шайзада (қ), Ерланов, Ахметов, Габышев, Байтана, Самородов;

Бас бапкер: Магомед Адиев.

Төрешілер: Мануэль Шюттенгрубер, Роланд Бранднер, Роберт Штайнахер (барлығы – Аустрия)

VAR төрешілері: Кристиан-Петру Чокирка, Алан Кияс (екеуі де – Аустрия)

Ермұхамед Мәулен