Қазақстан құрамасы дайындықты бастады

1243

Қазақстан-Босния және Герцеговина арасындағы кездесу 9 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана-Арена" стадионында 19:00-де басталады.

Қазақстан құрамасы дайындықты бастады

Қазақстан құрамасы жаттығу жұмыстарын бастады. Ойыншыларымыз 9 қазанда Босния және Герцеговина, 12 қазанда Финляндия командасын қабылдайды. Осы орайда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінің келесі матчтарына қатысатын ойыншылардың соңғы тізімін жариялады.

Құрама сапында бірнеше өзгеріс бар. Шабуылшы Артур Шушеначев пен Азат Нұрғалиевтің орнына Алексей Щеткин мен Роман Мұртазаев шақырту алды. Сондай-ақ құрама сапына Дмитрий Шомко да келіп қосылды. Бұдан бөлек алаңға Оралхан Өміртаев пен Георгий Жуков та шығады. Аталған ойыншылар алдағы матч туралы пікір білдірді.

"Оқу-жаттығу жиындары өте жақсы басталды. Футболшылардың барлығы түгел келіп, 4 қазан күні жаттығу жұмыстарына кірістік. Босния және Герцеговина - мықты команда. Олардың ойыншылары Еуропа чемпионаттарына өнер көрсетеді. 9 қазан күні болатын матчта бар күшімізді салып, жанкүйерлерді, отбасымызды қуантуға тырысамыз. Стадионның 50%-на жанкүйерлердің кіруіне рұқсат етілді. Сондықтан атмосфера керемет болады деп ойлаймын", - деді Оралхан Өміртаев.

Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу матчтары туралы пікір білдірді.

"Ұлттық құрама сапында ойнайтыныма және жігіттер мен достарымды қайта көргеніме өте қуаныштымын. Барлығы мені жақсы қарсы алды. Үздік ойыншылар, енді жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігіміз бар. Бәрі керемет, біз дайындалып жатырмыз. Иә, әрине, халықаралық ойынға Қазақстанның қатысуы өте керемет жағдай. Мен команданы бақылап жүрдім, ал олар менсіз өте жақсы ойнады. Францияның қиын қарсылас екені түсінікті. Мен Украинамен болған ойынды көрдім. Команда дұрыс бағытта келе жатыр деп ойлаймын. Жаттықтырушылар штабы жақсы жұмыс атқаруда. Жігіттер алға жылжуда. Мені шақырғанына қуаныштымын және көмектесуге тырысамын.

Менің ойымша, біз жақсы өнер көрсетіп жүрміз, сондықтан біз Босниямен тең ойнадық. Украина, бізді жазалауы мүмкін еді. Бірақ біз Финляндияға, сондай-ақ Босния және Герцеговинаға қарсы матчтарда абыроймен ойнадық. Олар өз алаңында ойнады. Бірақ қазір тереземіз тең", - деді Георгий Жуков.

Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншылар тізімі:

Қорғаушылар: Александр Марочкин, Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Темірлан Ерланов, Нұралы Әліп, Ян Вороговский, Әлібек Қасым, Сағадат Тұрсынбай, Абзал Бейсебеков, Марат Быстров, Еркін Тапалов, Мақсат Тайкенов, Дмитрий Шомко;

Жартылай қорғаушылар: Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Владислав Васильев, Самат Жарынбетов, Рамазан Оразов, Бахтиер Зайнутдинов, Сұлтанбек Астанов;

Шабуылшылар: Оралхан Өміртаев, Айбар Жақсылықов, Алексей Щеткин, Роман Муртазаев.

Қақпашылар: Стас Покатилов, Игорь Шацкий, Мұхамеджан Сейсен;

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу