Қазақстан құрамасы Дэвис кубогіне тас түйін дайын

1288

Біздің құрама Дэвис кубогінде финалдық ойындардың топтық кезеңінде Швеция мен Канада ұлттық құрамаларымен ойнайды.

Қазақстан құрамасы Дэвис кубогіне тас түйін дайын

Команда капитан Юрий Щукин бастаған ойыншыларымыз Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев және Александр Недовесовтер Мадридке келіп жетті. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов та жігіттерді жеке қолдау үшін Испания астанасына ат басын тіреді. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан құрамасының ойыншылары 2019 жылғы Дэвис кубогінің финалистері, Канада командасын сенсациялық түрде 3:0 есебімен жеңген Швецияға қарсы ойынға тас түйін дайын. Сондай-ақ аталған құрама ойыншыларына спарринг-серіктес ретінде Тимофей Скатов және Бейбіт Жукаевтар да бірге жаттығады.

Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик жеңіс үшін бәрін жасауға тырысатынын атап өтті.

"Біз басқа командаларға қарағанда ертерек келдік және жақсы жұмыс атқардық. Өз ойынымызды ойнауға және оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Не шығатынын көрейік. Дэвис кубогі теннис жанкүйерлерін қатты қызықтырады. Өйткені олар мұнда белгілі бір ойыншы үшін емес, өз елінің командасы үшін жанкүйер болады. Турнир өзің үшін ойнайтын жеке матчтардан өзгеше. Мұнда өз елің үшін өнер көрсетесің және қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысасың", – дейді Александр.

Қазақстандықтардың капитаны Юрий Щукин командалық турнирдің финалдық кезеңіне дайындық туралы әңгімеледі.

"Швецияны 3-0 есебімен жеңуіміз керек екенін жақсы түсінеміз. Біздің командада тәжірибелі ойыншылар бар. Олар бірнеше рет үздік теннисшілерді жеңе алатынын дәлелдеді. Жігіттер тұрақты өнер көрсетіп, жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін", –деді Щукин.

Матчтарды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Швеция және Канадаға қарсы матчтар 27 және 28 қарашада Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу