Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды

1088

Осло қаласында өткен Дэвис кубогінің іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Норвегияны айқын басымдықпен жеңді.

Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды

Қазақстан мен Норвегия арасындағы төртінші кездесуде Александр Бублик пен Каспер Рууд кездесті. Каспер әлемнің 8-ракеткасы болса, Александр 32-орында. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші 6:4 есебімен алға шықты. Екінші сетте Каспер 7:5 есебімен ойынды теңестірді. Үшінші, шешуші партияны Бублик брейкпен бастады – 2:0. Нәтижесінде, матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.

Матч аяқталған соң еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик табысқа жетуге үлес қосқаны үшін команда мен жанкүйерлерге алғысын білдірді.

"Бұл еліміз үшін өте маңызды жеңіс. Мен осы жеңістің бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Бұл ойыншылардың, бапкерлердің, жанкүйерлердің, PR, физио – бүкіл команданың күнделікті атқарған жұмысының нәтижесі. Елімізде бізді  қолдайтын барлық адамдардың еңбегі. Бұл бүкіл елдің жеңісі", – деді Бублик.

Еске салайық, Норвегия мен Қазақстан құрамалары арасындағы бірінші кездесуде Михаил Кукушкин Каспер Руудтан 1:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалған болатын. Екінші ойында Александр Бублик Виктор Дурасовичті ұтты – 6:3, 6:2.

Ал Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Дурасович пен Симен Сунде Братхолмнан басым түсті – 7:6 (10), 6:3. Норвегиялықтар сапында Каспер Руудты 23 жастағы Симен Сунде Братхольм алмастырды. Ол Виктор Дурасовичпен бірге қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесовке қарсы тұрды. Бірінші сетте норвегиялық жұп 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен қазақстандықтар таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (12:10). Екінші сетте қазақстандық жұп тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен тәмамдады – 6:3. Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандықтар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласын 3:1 есебімен ұтып, қатарынан үшінші жыл биыл күзде өтетін Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды.

Ермұхамед Мәулен