Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің ширек финалына шықты

1414

Мадридте Дэвис кубогінің финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан – Канада матчы өтті.

Қазақстан құрамасы Дэвис кубогінің ширек финалына шықты

Алғашқы болып Қазақстан құрамасынан Михаил Кукушкин, Канададан Брейден Шнур кортқа шықты. Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші басымдылық танытты – 6:3. Екінші сетте тай-брейкте Шнурдың жолы болды – 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда әуелі канадалық спортшы брейк жасағанымен, Кукушкин алысқа ұзатқан жоқ. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 7:5. Тартысты өткен бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Екінші кездесуде Қазақстан ерлер құрамасынан Александр Бублик Вашек Поспишилді жеңді. Осы жеңістің арқасында Қазақстан В тобында бірінші орын алып, турнирдің ширек финалына шықты. 1 сағат 23 минутқа созылған кездесу 6:2, 7:6 (8:6) есебімен аяқталды. Айта кетейік, Бублик әлемнің 36-шы ракеткасы, ал Поспишил ATP рейтингінде 133-ші орынға жайғасқан.

Сондай-ақ командалар арасында жұптық сайыс өтеді. Онда Андрей Голубев пен Александр Недовесов Вашек Поспишил мен Браден Шнурға қарсы ойнайды. Дегенмен бұл ойынның нәтижесі Қазақстан құрамасына ширек финалға шығуға кедергі келтірмейді.

Айта кетейік, Дэвис кубогінің топтық кезеңінің ашылу матчында Қазақстан құрамасы Швецияны 2:1 есебімен ұтты. Кукушкин жеңіліп қалды. Ал Бублик жекелей сында, Голубев – Недовесов жұптық сайыста жеңіске жеткен болатын. Швеция алғашқы ойынында Канаданы 3:0 есебімен ұтты.

Ширек финалда Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне екінші орынмен шыққан екі команданың бірімен ойнайды.

Жалпы бұған дейін Қазақстан бес рет (2011, 2013, 2014, 2015, 2018 ж) ширек финалға шыққан. Бірақ бұл бұрынғы форматы аясында болды. 2019 жылдан бері World Cup of Tennis Finals деп аталып келе жатқан жаңа форматта алты топқа бөлінген 18 команда ойнайды. Алты топ жеңімпазы және екі үздік екінші орын алған команда ширек финалға өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу