Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы алтыншы кездесуінде жеңіске жетті. 6 тамызда отандастарымыз Словакиядан келген қарсыластарын 3,5-0,5 есебімен ұтты. Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және Гүлісхан Нахбаева жеңіске жетсе, Ксения Балабаева қарсыласымен тең түсті. Бір күн бұрын Вьетнамды жеңгеннен кейін (2,5-1,5) қазақстандық қыздар жалпы есепте 14-орыннан оныншы орынға көтерілді. Еске салайық, Вьетнам мен Словакиядан бөлек, Қазақстан құрамасы бұған дейін Гватемала, Бельгия, Перу және Кубаны жеңген болатын.
Ал Қазақстан ерлер құрамасы әзербайжандық қарсыластарынан жеңіліп қалды. Кездесу 1,5-2,5 есебімен аяқталды. Әлішер Сүлейменов жеңіске жетсе, Ринат Жұмабаев қарсыласымен тең түсті. Арыстанбек Уразаев пен Қазыбек Нөгербек әзербайжандықтардан жеңіліп қалды. Осылайша Қазақстан ерлер құрамасының еншісінде алты жеңіс пен екі жеңіліс бар.
Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының 9-шы турында Қазақстан әйелдер құрамасы Болгариямен, ал ерлер құрамасы Сербиямен ойнайды. Әйелдер құрамасында Жансая Әбдімәлік, Бибісара Ассаубаева, Ксения Балабаева, Гүлісхан Нахбаева бар.
Болгария құрамасы бұған дейін Зимбабвені (4:0), Мексиканы (3,5-0,5), Бразилияны (4:0), Иранды (3:1), Перуды (2,5-1,5) және Грекияны (3:1) жеңді. Бірақ 4-ші раундта Украинадан жеңіліп (1,5-2,5), ал 7-де Польшамен (2-2) тең түсті. Кестеде болгариялық шахматшылар 5-ші, ал қазақстандық шахматшылар 6-шы орында.
Ерлер құрамасында бүгін Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Мұртас Қажғалеев (Қазыбек Нөгербектің орнына), Арыстанбек Уразаев сербиялықтармен сынға түседі. Сербия Мальтаны (4:0), Қырғызстанды (3,5-0,5), Гватемаланы (2,5-1,5), Индонезияны (2,5-1,5), Польшаны (2,5-1, 5) және Исландияны (3:1) жеңгенімен, 4-айналымда Англияға (0,5-3,5), ал 7-ші айналымда Германияға (1,5-2,5) есе жіберді. Турнирлік кестеде Қазақстан ерлер құрамасы 12-орынға, ал Сербия-14-орынға жайғасты.
Қазақстандық шахматшылардың қатысуымен өтетін кездесулер бүгін елорда уақыты бойынша шамамен15:30-да басталады.
Ермұхамед Мәулен