Қазақстан құрамасы EURO додасына дайын ба?

1692

Жолдастық кездесу өткізуі тиіс еді. Алайда Украинаға қарсы матчтар өтпейтін болыпты.

Қазақстан құрамасы EURO додасына дайын ба?

Бастапқыда 13 және 15 қаңтар күндері Қазақстан футзал құрамасы Украина астанасы Киевте сол елдің құрамасымен екі матч өткізуді жоспарлады. Бірақ елдегі жағдайға байланысты команда дер кезінде ұшып шыға алмады. Сондықтан да, жолдастық кездесулерден бас тартуға тура келді. Тіпті, қазір құраманың барлық ойыншысын бір жерге жинаудың өзі қиындап тұр. Себебі шет елдер мен мемлекет ішіндегі әуеқатынасы толықтай істеп тұрған жоқ. Ал көптеген ойыншы біріншілік тоқтап, жаңа жылдық мерекеге әрқайсысы үйлеріне кетті. Олардың ішінде сонау Бразилияда тұратын Игита, Дуглас, Тайнан секілді ойыншылар да бар.

Нидерланды елінде өтетін құрлықтық дода 19 қаңтар күні басталады. Оған дейін Қазақстан құрамасы жоспар бойынша жаттығу жұмыстарын бастап, Алматы-Киев-Амстердам бағытында жолға шығуы тиіс болатын. Енді жағдай күрт өзгеріп, құрама команда елордадан ұшып шығуды көздейді. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан жаттығу жиынына Лео мен Дәурен Тұрсағұлов келіп қосылған. Дегенмен бұл екеуінің жарақаттары бар. Сондықтан әзірге жаттығуды негізгі топпен емес, бөлек жасап жүр.

Қарт құрлықтың біріншілігінде Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсететін болады. Онда Еуропаның 2 дүркін чемпионы Италия, Словения және Финляндия құрамалары бар. Топтағы бірінші орынға Қазақстан құрамасы дәл осы Италия командасымен бірге таласатын секілді. Біздің топтың матчтар Гронинген қаласында ойналады. Топтық кезеңнің матчтары 20-28 қаңтар күндері өтеді. Ширекфиналға әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар ғана шығады.

EURO 2022 додасы 19 қаңтар күні Нидерланды – Португалия матчымен басталады. Ал ертесіне Қазақстан құрамасы Словениямен күш сынасып, додадағы алғашқы матчын өткізеді. Араға 4 күн салып, яғни 24 қаңтар күні құрамамыз Финляндия командасымен кездеседі. 28 қаңтар күні Рикардо Кака шәкірттері италиялықтармен ойнайды. Осы матч көп сауалдың түйінін тарқатады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Одан кейін 2018 жылы Словенияда өткен дүбірлі додада үшінші орын үшін таласта Ресей құрамасына жеңіліп қалған еді. Енді бұл жолы қай орынға табан тірер екенбіз?

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу