Қазақстан құрамасы Финляндияға есе жіберді

1270

АПЛ-де ойнайтын шабуылшы матч тағдырын шешіп кетті.

Қазақстан құрамасы Финляндияға есе жіберді

Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Финляндиямен кездесті. "Астана Арена" стадионында өткен матч 0:2 есебімен финдердің пайдасына аяқталды. Бірінші тайм аяқталар тұста Теему Пукки қорғаушылардың қателігін пайдаланып, ойындағы алғашқы голды соқты. Екінші тайм бастала салысымен дәл осы шабуылшы Ниссиланың пасынан кейін дубль жасады. Талғат Маруаұлы шәкірттері бұл ойыннан кейін үш ұпаймен соңғы орында қала берді. Ал Финляндия 8 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.

Кездесуден кейін Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Маруаұлы ойынға қатысты пікір білдірді.

"Армандарымыз, мақсаттарымыз болды. Бірақ бұл екі кездесуде де біз жеңілдік. Бұдан басқа не айтуға болады... Ойын аяқталды. Бейсебековке келер болсақ, біз алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Егер матч кезінде не болатынын білсек, Ерлановты алаңға шығарар едік. Кездесу алдында біз Бейсебековпен сөйлестік. Қорғаныста оның тәжірибесі қажет екенін түсіндірдік. Біз жалғыз Абзалды кінәламаймыз. Ол өте жақсы, сабырлы ойнады. Мен тек бір футболшыны сынға алмаймын. Соңғы екі матчта өз ойынымызды көрсете алмадық", – деді Талғат Байсуфинов.

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов та Финляндияға қарсы өткен ойын (0:2) жайлы пікір білдірді және психологиялық тұрғыдан ешқандай мәселелер болмағанын атап өтті.

"Психологиялық проблема бар деп айтпас едім. Бұл ойында бізге қорғаныста концентрация жетіспеді. Психологиялық қысым бізге ешқандай әсер еткен жоқ. Жақсылап дайындалдық, ойынға талдау жасадық. Жеңіске жетуді көздеп едік, бірақ олай болмады. Жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Бізді қолдап, соңғы минутқа дейін алға жетелегендері үшін көп рахмет", – деді Еркін Тапалов.

Сонымен қатар Қазақстан жастар (U-21) құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Түркиямен кездесті. Матч Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өтіп, 0:1 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 27-минутта Түркия шабуылшысы Энис Дестан соқты. Біздің жастарымыз да қарап қалмай, қарсылас қақпасына 3 тура соққы жасады. Бірақ Дестаноглу қорғаған қақпадан саңылау табу мүмкін болмады. Төрт ойын өткізген Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері бірде-бір ұпай ала алмай, ең соңғы орында тұр. Түркия жастары 4 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу