banner

Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатына іріктеуді бастайды

2111

Бүгін, 8 қазанда футзалдан Қазақстан құрамасы 2024 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңін бастайды. Рикардо Кака шәкірттері өз алаңында Словения құрамасын қабылдайды.

Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатына іріктеуді бастайды

Қазақстан құрамасы футзалдан келесі әлем чемпионатына іріктеудің жаңа циклін бастады. Іріктеу форматы, команданың қазіргі жағдайы және алдағы Словенияға қарсы өтетін матч жайлы айта кетсек.

УЕФА қауымдастығының әлем чемпионатына іріктеу әрине, Еуроға қарағанда әлдеқайда қиын. Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне Еуропаның жеті командасы ғана жетсе, жалпы 24 команда өзара сынға түседі. Іріктеу кезеңі 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың сәуіріне дейін жалғасады.

Қазақстан құрамасы жоғары коэффициентіне байланысты іріктеуді бірден негізгі кезеңнен бастайды. 36 команда үш командадан тұратын 12 топқа бөлінді. Олар өз алаңында және сырт алаңда өзара ойнайды. 12 топтың жеңімпаздары мен үздік төрт екінші орынға ие болғандар тікелей Элиталық раундқа өтеді. Екінші орын алған қалған сегіз команда плей-оффқа шығады. Біздің команданың негізгі кезеңдегі қарсыластары Черногория мен Словения құрамалары болды. Словенияға қарсы ойын бүгін, 8 қазан күні Астанада, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Бірақ Черногориямен келесі кездесуін (9 қараша) Кака шәкірттері Алматыда өткізеді.

Қазақстан құрамасының тобындағы ойындар кестесі төмендегідей:

20 қыркүйек: Словения Черногория, есеп 3-1

8 қазан: Қазақстан – Словения

12 қазан: Черногория Қазақстан

9 қараша: Қазақстан – Черногория

3 наурыз: Черногория Словения

8 наурыз: Словения – Қазақстан

Қазақстан құрамасы үшін Словениямен кездесу қиынға соғады. Бұған дейін бұл қарсыласпен әлем чемпионатына екі іріктеуде кездескен болатынбыз. 2015 жылғы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталса, 2020 жылы қазақстандықтар соңғы секундтарда 4:3 есебімен жеңіске қол жеткізді. Соңғы рет Словениямен кездесу Еуро-2022 додасында топта өтті. Дәстүр бойынша командалар жеңімпазды анықтай алмай, матч қызықты тартысқа айналды – 4:4.

Құрамамыз элиталық кезеңге өткен жағдайда 20 команда төрт командадан бес топқа бөлінеді, олар бір-бірімен өз алаңында және сырт алаңда матч өткізеді. Топ жеңімпаздары финалдық кезеңге тікелей өтеді. Үздік төрт екінші орын алған ойыншылар плей-офф кезеңінде ойнайды. Егер Еуропаның бір қауымдастығы әлем чемпионатының қожайыны атанса, плей-офф кезеңінде тек үздік екі екінші орын алған команда ойнайды.

Өкінішке орай, Пауло Рикардо Кака командасының құрамында өзгерістер бар. Команданың негізгі ойыншылары Эдсон мен Біржан Оразов алдағы матчтарға қатыса алмайды. Сонымен қатар командада оң өзгерістер де жеткілікті. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық құрама қорғанысының көшбасшысы болған Лео Бразилия чемпионатынан кейін тамаша бабында алаңға қайта оралды. Жаңа есімдер де бар. Олар Райымбек Жұма (қыркүйекте Әзербайжанмен жолдастық кездесуге қатысқан), Ақжол Дәрібай және Серік Мәжитов бар.

Футзалдан Қазақстан құрамасының толық құрамы:

Қақпашылар: Игита ("Қайрат"), Нұрәлем Байдулла ("Рахмет"), Андрей Голубничий ("Ақтөбе");

Ойыншылар: Дуглас, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов (барлығы – "Қайрат"), Лео ("Жойнвиль", Бразилия) Тайнан ("Эль Посо", Испания), Азат Валиуллин ("Аят"), , Арнольд Кнауб, Райымбек Жұма (екеуі де – "Каспий"), Евгений Кошкин, Ақжол Дәрібай (екеуі де – "Астана"), Серік Мәжитов ("Бәйтерек").

Қазақстан-Словения арасындағы кездесу бүгін, 8 қазан Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында елорда уақытымен 18:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу