Қазақстан құрамасы Германияға есе жіберді

1335

Құрамамыз жеңілістен көз ашпады.

Қазақстан құрамасы Германияға есе жіберді

Шайбалы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі ойында Қазақстан құрамасы Германиядан жеңілді. А тобындағы кездесу 5:4 есебімен немістердің пайдасына аяқталды. Ойын барысында Юрий Михайлистің шәкірттері екі рет есепте алға шықты. Алдымен кездесудің екінші минутында Роман Старченко Қазақстанды гол соқса, екі минуттан соң Йонас Мюллер таразы басын теңестірді.

15-минутта Қазақстан құрамасы Егор Петуховтың күшімен тағы да алға шықты, бірақ немістерге есе қайтаруға 30 секундтың өзі жеткілікті болды. Бұл жолы Леонхард Пфедерль гол соқты. Ал үзіліске бір минут қалғанда Даниэль Фишбух есепті 2:3-ке жеткізді. 25-минутта Лукас Райхель 4-ші голды соқты. Алайда үзіліске 30 секунд қалғанда Павел Акользин есеп айырмасын барынша қысқартты. Финалдық кезеңде есеп теңесті. Гол авторы Никита Михайлис (41-минут). Бірақ 47-минутта Язин Элиц Германияға жеңіс сыйлады. Осылайша, Қазақстан құрамасы қатарынан алтыншы рет жеңіліс тауып, биылғы әлем чемпионатында бір де бір ұпай иеленген жоқ.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Михайлис шайбалы хоккейден 2022 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде командамыздың Германиядан жеңілгеніне қатысты пікір білдірді.

"Бізге тәртіп жетіспейді. Құрамамыз әлемнің үздік деген командаларына қарсы шығып, жақсы хоккей көрсетуде. Жігіттер әр сәтте керемет ойнап, барын салды. Бірақ тәртіп болмағандықтан команда сәтсіздікке ұшырайды. Қажет емес жерде айдыннан қуылып жатты. Бұл ойынды бұзады, командаларымызды шаршатады. Сонда да біз жақсырақ ойнауымыз керек", – деді Михайлис.

Қазақстан - Германия 4:5 (2:3, 1:1, 1:1)

1:0 - 02:57- Старченко
1:1 - 04:38 - Мюллер (Биттнер, Карачун)
2:1 - 15:46 - Петухов (Асетов, Данияр)
2:2 - 16:10 - Пфёдерль (Зайдер)
2:3 - 18:33 - Фишбух (Вагнер, Зайдер)
2:4 - 25:31 - Райхель (Гаванке, Нёбельс)
3:4 - 39:29 - Акользин (Старченко, Данияр )
4:4 - 40:38 - Михайлис (Сагадеев, Метальников)
4:5 - 47:08 - Элис (Виссманн, Биттнер)

Қақпашылар: Шутов – Штральмайер

Михайлистің шәкірттері Әлем чемпионатындағы соңғы матчты бүгін, 23 мамырда елорда уақытымен 19:20-да Италияға қарсы өткізеді. Қазақстан құрамасы үшін бұл әлем чемпионатының элиталық дивизионындағы орнын сақтап қалу үшін күресте шешуші матч болып табылады. А тобындағы финалдық ойын алдында Қазақстан соңғы, сегізінші орынға, Италия бір ұпаймен жетінші орынға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу