Бірінші дивизионның А тобындағы алғашқы ойында жастарымыз Венгриямен кездесті. Қазақстандық команда бұл матчқа келесі құраммен шықты: Павленко (Әмірбеков) - Комаров-Шайхмедденов, Колодюк-Морожников-Александров; Шетле-Әлібек, Маңғысбаев-Қасенов-Цыбин; Гавриленко-Бреус, Шульга-Қайыржан-Ермак; Сүлейменов-Кеңесбай, Логвин-Нұрлан-Оспанов.
Кездесу бастала салысымен алғашқы минутта-ақ Қазақстан құрамасынан Абай Маңғысбаев гол соқты. Ал ойынның 19-минутында Всеволод Логвин есепті еселей түсті. Венгрия құрамасының ойыншылары есепті қысқартуға барынша тырысқандарымен, матчтың 26-минутында Дмитрий Колодюк Қазақстан құрамасының басымдығын нығайтты. Содан кейін Тот пен Ортенскидің ұйымдастырған шабуылынан кейін Марк Шлекманн Қазақстан құрамасының қақпашысынан айласын асырды. Қорытынды есеп 3:1.
Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Александр Истомин матчтан кейін алғашқы ойынға қатысты пікір білдірді.
"Жігіттерді жеңістерімен құттықтаймын, жарайсыңдар! Әрине, чемпионаттың ашылуы болғандықтан толқу болды. Жігітттер жақсы ойнады. Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс. Мүмкін бәрі біз ойлағандай болмаған шығар. Бірақ алғашқы ойын үшін бүгінгі нәтиже жаман емес. Енді ойынды қорытындылап, ертеңге дайындаламыз", – деді Истомин.
Осылайша, еліміздің командасы Жастар арасындағы әлем чемпионаты-2022 турниріндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Латвия, Беларусь, Норвегия және Дания құрамалары да Қазақстанмен "А" тобында өнер көрсетеді. Бүгін, 13 желтоқсанда Қазақстан құрамасы Норвегиямен ойнайды. Матч Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 18:00-де басталады. Ал одан кейін хоккейшілеріміз 15 желтоқсан – Даниямен, 16 желтоқсан – Беларусьпен, 18 желтоқсан – Латвиямен кездеседі. Турнирдің ережесі бойынша элиталық дивизионға тек топтың жеңімпазы ғана шыға алады.
Ермұхамед Мәулен