Қазақстан құрамасы хоккейден әлем чемпионатын жеңіспен батады

1304

Бүгін құрамамыз Финляндияға қарсы кездесу өткізеді. Матч елорда уақыты бойынша 19:15-те басталады.

Қазақстан құрамасы хоккейден әлем чемпионатын жеңіспен батады

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Ригада (Латвия) өткен элиталық дивизиондағы 2021-жылғы әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Топтық кезеңнің алғашқы айналымындағы матчта Юрий Михайлистің шәкірттері турнир қожайындары Латвия командасын жеңді.

Бірінші кезең голсыз өтті. Ал үзілістен кейін латвиялықтардан Лаурис Дарзиньштің күшімен есеп ашты (27-минут). Алайда 39-минутта қазақстандықтар жауап қайтарып, Александр Шин Қазақстан құрамасының 2021 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы голының авторы атанды.

Соңғы кезеңді алаң иелері белсенді бастады. 45-минутта Рихардс Букартс тағы да Латвияны алға шығарды. Алайда, 12 секундтан кейін Джесси Блейкер есепті теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта командалар гол соға алмады. Бірақ буллитте қазақстандықтар мергендік танытты. Булиттер сериясы қазақстандықтардың пайдасына, 3:2 есебімен аяқталды.

Кездесу аяқталған соң Қазақстан құрамасының капитаны Роман Старченко матчқа қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұл өте қиын матч болды. Біз екі айдан бері хоккей ойнаған жоқпыз. Дайындық ретінде Беларуссиямен бір ғана кездесу өткіздік. Ойынға ұзақ бейімделдік. Кеше қарсыластарымыздың қорғаныста ауыр ойын өткізгенін және көп күш сарпығанын білеміз. Сондықтан қорғаныста мықты болуға тырыстық. Бізге қақпашы көмектесті. Нәтижесінде ойынды жеңіске жеткіздік", - деді Роман Старченко.

Келесі матчты бүгін, 23-мамырда Қазақстан құрамасы турнирдің бірінші айналымында АҚШ командасын 2:1 есебімен жеңген Финляндиямен өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу