Қазақстан құрамасы Италия хоккейшілерінен ұтылып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3185

Шайбалы хоккейден Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз жеңілістің кермек дәмін татты.

Қазақстан құрамасы Италия хоккейшілерінен ұтылып қалды Фото: icehockey.kz

Мадияр бауырларымыздың мұз айдынында өтіп жатқан әлем чемпионатында (Бірінші дивизион, "А" тобы) ұтылмаған команда қалмады. Екі ойында жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық құрамасы да сүрінді. Үшінші кездесуін Италия хоккейшілерімен өткізіп, 0:3 есебімен ұтылып қалды.

Ұлыбритания құрамасын ойсырата жеңген ұлттық құрамамызға бір тәулікке толмайтын уақыттан кейін, нақтырақ айтқанда, 16,5 сағаттан кейін қайтадан мұз айдынға шығу керек болды. Ал қарсыласы – осал команда емес. Биыл жоғарғы дивизион жолдамасын жеңіп алуды көздейтін Италия құрамасы болатын. Негізі, осы әлем чемпионаты басталмай тұрып, дәл осы италиялықтармен екі рет жолдастық кездесу өткізген. Біріншісінде ұтып (4:2), екіншісінде ұтылып қалған (2:4). Ал бұл жолы...

Италия біледі, Қазақстан құрамасының бір түн бұрынғы ойынының өте кеш аяқталғандығын. Тынығып үлгермегендерін жақсы түсінеді. Сондықтан матч басталған бетте атойлап алға шапты. Ойлары – тезірек гол соғып алу. Біздің қақпаны 16 рет нысанаға алды. Әрі сол мақсаттарына жетіп тынды. Бірінші кезеңнің ортасына жетпей, екі шайба салды. Өкінішке қарай, осы екі голдан кейін біздің жігіттердің ұнжырғалары түсіп кетті.

Екінші кезеңнің басында Апеннин түбегінен келген команда тағы бір гол соқты. Әйтсе де, біздің құрама намысты қолдан бермеуге тырысты. Жылдамдықтарын үдетіп, шабуылда жиілетті. Италия қақпасына да соққы бағыттай бастады. Соңғы кезеңде тіпті төрт мәрте артық құрамда ойнап, гол соғатын мүмкіндіктер болды. Бірақ көңіл-күйлері сынық ойыншыларымыз есепті қысқарта да алмады. Гол соғудың сәті түспей қойды.   

Сонымен, Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ұтылып қалды. Бірақ әлі – бірінші орында. Енді осы жеңілісті тезірек ұмытып, қалған екі ойында жеңіске жетуге тырысу керек. Бүгін олар дем алады. Ал ертең Словения хоккейшілерімен кездеседі. Сенбі күні Польша құрамасымен додаға түседі. Жігіттерге сенеміз. Жанкүйерлерін жерге қаратпайды деп үміттенеміз.

Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Үшінші күн

Ұлыбритания – Польша – 5:3

Словения – Венгрия – 4:1

Италия – Қазақстан – 3:0 (2:0, 1:0, 0:0)

Голдар: Хоккофлер (Макмонэгл), 05:18. Костнер (Инсан, Гандер), 09:37.
Макмонэгл (Делука), 25:26.

Қазақстан: Хенрик Карллсон; Кевин Даллмэн – Максим Семёнов, Роман Старченко – Иван Кучин – Евгений Рымарев; Артемий Лакиза – Леонид Метальников, Никита Михайлис – Дмитрий Гренц – Ярослав Евдокимов; Кирилл Полохов – Валерий Орехов, Максим Волков – Владимир Маркелов – Павел Акользин; Мадияр Ибрайбеков – Егор Петухов, Әлихан Әсетов – Дмитрий Гурков – Антон Сагадеев.

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу