Қазақстан құрамасы Қытайға есе жіберді

1383

Әлем кубогіне іріктеу турнирінің келесі матчын Қазақстан құрамасы 30 тамыз күні Жапонияға қарсы өткізеді.

Қазақстан құрамасы Қытайға есе жіберді

Баскетболдан Қазақстан ерлер командасы 2023 жылғы әлем кубогіне іріктеу кезеңі аясында Қытай құрамасын қабылдап, 56:68 есебімен қарсыласқа жол берді.

Бұл туралы Қазақстан баскетбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Сарыарқа" велотрегінде өткен матчта жанкүйерлердің қызу қолдауы мен өз алаңымыздағы басымдыққа қарамастан, "Дала қасқырлары" жеңіліс тапты. Бұл ретте Қытай командасының тәжірибесі де, шеберлігі мен жылдамдығы да біздің құрамадан оқ бойы озық болғанын мойындау керек. Баскетболдан 2023 жылғы әлем кубогіне Азия аймақтық іріктеу кезеңін Қазақстан құрамасы сәтті бастаған. Іріктеу кезеңінің бірінші айналымында еліміздің бас құрамасы D тобына түсіп, алты ойынның бесеуін жеңіспен аяқтады. Ал екінші айналымда қазақстандықтар Қытай, Жапония және Аустралиямен бірге F тобына түскен болатын. Өкінішке қарай, кездесуде Қытай командасы мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Қытай құрамасы әлемдік баскетболда алыптар қатарына енбегенімен, Азиядағы үздік командалардың бірі саналады. Бұған қытайлықтардың сары құрлық додасында 14 рет жеңіске жеткенін айтсақ та жеткілікті. Одан бөлек, бүгінгі қарсыласымыз 1984 жылдан бастап Олимпиада ойындарында тоғыз рет бақ сынаған. Сондай-ақ, қытайлық баскетболшылар Ұлттық баскетбол лигасында өнер көрсетіп жүр. Солардың бірі – Қазақстанға қарсы матчта 19 ұпай жинап, көш бастаған Чжоу Ци. Чжоу Қытай құрамасының үздігі саналады әрі 43-ші нөмірлі драфтпен "Хьюстон Рокетс" командасында өнер көрсеткен. Қытайлық ойыншылардың атақ-дәрежесі мен салмағына қарап, Қазақстан командсының бүгінгі ойынына жақсы баға беруге болады. 

Кездесу қарқынды басталды. Қазақстандықтар адуынды қарсыластан қорықпай, алғашқы минуттарда таблода 4:4 нәтижесі тіркелді.

Атап айтар болсақ, Рустам Мырзағалиев екі айып добын сәтті орындап, кейін ойын барысында екі ұпайлық нүктеден дәл түсті. Оның ізін ала Антон Быков үш ұпайлық алаңнан қарсыласты тағы да қапы қалдырып, Олег Киселев шәкірттері сеніммен алға басқан. Алайда бұл матч барысындағы қазақстандықтардың есепте алға шыққан жалғыз әрі соңғы мүмкіндігі еді. Себебі үш ұпайлық алаңнан допты торға тоғытқан қарсыластар есеп айырмасын бірден ұзартып, сол басымдықты ойынның соңына дейін ұстап тұрды. Осылайша, бірінші кезең 14:23 есебімен аяқталды. 

Екінші кезеңді де Қазақстан командасы жаңа леппен бастауға тырысқан. Максим Марчук есеп айырмасын екі ұпайға қысқартып, Рустам Мырзағалиев екі ұпайлық нүктеден шабуылды әдемі аяқтай білді. Екінші кезеңде 10:18 нәтижесі тіркелді, Қытай командасы алда. 

Үшінші кезеңде Киселев шәкірттері қарсыласты біраз өкшелеп, есеп айырмасын жеті ұпайға дейін азайтты. Дәл осы кезеңде Қазақстан командасының қарсыласты қуып жететін мүмкіндігі молырақ болған. Үшінші кезеңдегі көрсеткіш – 18:7.

Төртінші кезең де жерлестеріміз ұзақ уақыт бойы ұпай ала алмаған соң, Олег Киселев төрешілерден тайм-аут сұрап, соңғы кезеңді абыроймен өткізуді тапсырған болатын. Роберт Пан мен Рустам Мырзағалиевтың екі ұпайлық нүктедегі шабуылдары нәтижелі аяқталды. Алайда бұл сәтте Қытай ойыншылары басымдықты түгелдей қолға алған болатын. Қорытынды есеп – 56:68.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу