Қазақстан құрамасы Латвияға азуын батыра алмады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3214

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада Латвия құрамасымен тең түсті.

Қазақстан құрамасы Латвияға азуын батыра алмады Фото: kff.kz

УЕФА "Ұлттар лигасының" бесінші турында Қазақстан құрамасының жанкүйерлерін қуанышқа бөлейтін мүмкіндігі болған. Бірақ Болгария маманы Станимир Стойлов жаттықтыратын футболшыларымыз "Астана Арена" стадионында Латвия құрамасына құрамасына азуын батыра алмай, пұшайман болды.

Екі құраманың да деңгейі осы ма, әлде маусым соңында екі елдің футболшылары да титықтап қалған ба, әйтеуір, ойын аса жоғары қарқында өтпеді. Ойыншылардың жылдамдықтары тым жоғары болмады. Әйтсе де, Қазақстан құрамасы қарсыласын тықсырып, Андрис Ванинс қорғаған қақпаны нысанаға алып, соққыны қарша боратумен болды.

Станимир Стоилов негізгі құрамда алаңға шығатын футболшыларының тізімін бейсенбі күні тапа-тал түсте жариялап тастаған болатын. Содан ба, әлде біздің құраманың ойын үлгісін бүге-шігесіне дейін, егжей-тегжей зерттеп алған ба, әйтеуір Латвия құрамасы алғы шептегі ойыншыларымыздың адымын аштырмай, олардың көсіле сілтеуіне мүмкіндік бермеді.

Екі Бауыржанды да, яғни допты ұршықша иірген Исламхан мен шабуыл өтінде ойқастаған Тұрысбекті тұсаулап ұстауға тырысты. Қос қапталда атой салған жігіттерімізді де көздерінен таса қылған жоқ. Қысқасы, алғы шептегі футболшыларымызға Латвияның айып алаңына кіру оңай болмады. Сондықтан олар қонақтардың қақпасын алыстан көздеуге кірісті. Бірақ соққыларының көбісі қиыс кетіп, бұдан да нәтиже шықпады.

Есесіне, ойынның 37-ші минутында сол қапталдағы қорғаушымыз Ғафуржан Сүйімбаев тайсалмай, қақпаға қарай тікелей тартып, әрі жолын кес-кестеген қорғаушыдан сытылып кетіп, айып алаңына жетті де, допты шірене тепті. Қорғаушыдан мұндайды күтпеген Латвия футболшылары мен қақпашысы сан соғып қалды. Гол!

Бұдан кейін де екі команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Қазақ елі құрамасы қонақтарын қыспаққа алып, қауіп бұлтын төндіре түсті. Бірақ Исламхан бастаған жігіттеріміз бірді-екілі мүмкіндіктерін кәдеге жарата алмай қойды. Ал латыштар қарсы шабуылдарымен біздің қорғанысымызды піспектеп отырды.

Сөйтіп, бірінші тайм біздің футболшыларымыздың басымдығымен өтті. Ең кемі екі-үш гол соғатын мүмкіндігіміз болғанымен, есеп өзгермей, осылай аяқталды. Ал екінші тайм басталған бетте қонақтар қапелімде таразы басын теңестіріп, қарашаның қара суығына қарамай стадионға келген жанкүйерлерді аһ ұрғызды.

Доп ойынға бұрыштан қосылған. Қақпа алдындағы қарбалас сәтте Латвия құрамасының жартылай қорғаушысы Игорь Тарасов ышқына секіріп, жанкештілік танытып, өзі кішігірім жарақат алып қалса да, допты қарауылсыз қалған Денис Ракельге қарай бағыттап үлгерді. Ал 15-ші нөмірлі ойыншы мұндай тамаша мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Қақпашы Эричті де қапы қалдырды.

Бұдан кейін біздің футболшылар тайлы-тұяғымен алға қарай лап қойып, қонақтарды қыспаққа ала түсті. Бірақ қанша тырысса да, қалай шабуылдаса да, Латвия қорғанысын бұзып-жарып өте алмады. Тіпті соққыларының көбісі қонақтардың қорғаушыларына тиіп, кері қайтып отырды. Қақпаны көздей ме, әлде "тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп көзжұмбайлыққа салып тебе сала ма, айыра алмадық.  

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, "Цюрих" (Швейцария) клубының қақпашысы Андрис Ванинс те хас шеберлік танытып, қауіпті соққыларды тойтарумен болды. Тіпті біздің футболшылардың аяғындағы допқа да атылып, жанкештілік танытты. Қақпадан жүгіріп шығып та, бірнеше шабуылды тойтарып үлгерді. Қорғаушыларымен тізе қоса отырып, қазақ елі құрамасының гол соғуына мүмкіншілік бермеді.

Жалпы, латыштар да қарап қалған жоқ. Олардың қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Біздің футболшылар кері қайтып үлгергенше тез қимылдауға тырысты. Бір рет тіпті гол да соғып кетті. Абырой болғанда, төрешілер "офсайд болды" деп, оны есепке алмады. Әйтеуір Астана төрінен құр қол қетпеу үшін бар күш-жігерлерін салды.

Станимир Стоилов болса, тың күш қосуға асықпады. Тек 74-ші минуттан бастап қана ойыншыларын ауыстырып, өзгеріс енгізуге тырысты. Бірақ алаңға шыққан ойыншыларымыз да Латвия қорғаушыларынан айла асыра алмады. Сөйтіп "Ұлттар лигасының" тырнақ алды додасының Астанада өткен соңғы ойыны тең аяқталды. Ұлттық құрамамыз статистикалық көрсеткіштері жағынан қарсыласынан әлдеқайда асып түсе де, бір ұпаймен шектелді.

Қазақстан – Латвия – 1:1

Голдар: Сүйімбаев, 37 (1:0). Ракель, 49 (1:1)

Қазақстан: Эрич, Сүйімбаев, Логвиненко, Малый, Бейсебеков, Жуков, Мұжықов, Зайнутдинов (Тұңғышбаев, 87), Муртазаев (Федин, 80), Исламхан, Тұрысбек (Щеткин, 74).

Латвия: Ванинс, Максименко, Ягодинский, Дубра, Габов, Тарасов, Цыганик (Савальниекс, 46), Исаев, Ракель, Карашаускс (Ругинс, 62), Шабала (Икауниекс, 72),

Төрешілер: Йенс Мое, Хуммельгор, Серенсен (бәрі де – Дания).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 29 – 7
Тура соққы: 6 – 2
Қиыс кеткені: 16 – 4
Тойтарылғаны: 7 – 1
Бұрыштама соққылар: 7 – 2
Офсайдтар: 1 – 3

Допқа иелік ету: 63% – 37%

Пастар: 595 – 330

Дәл пастар: 507 – 234

Пастар дәлдігі: 85% – 71%

Қорғаныста доп тартып алу: 35 – 34

Допы айып алаңынна шығару: 12 – 46
Ескерту (сары қағаз): 0 – 0

Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1

Ереже бұзу: 17 – 8

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу