Қазақстан құрамасы 13 ақпан күні Анталья қаласында легионерлер құрамасымен жолдастық матч өткізеді. Легионерлерге қарсы матч ойнау бұл не сұмдық деп мақала жазып, байбалам көтеріп жатқан сайттар бар. Неге өзге елдің құрамасымен матч ойнамайды деген сауалдар да қойылды. Бірақ ФИФА-ның ресми датасы болмаса ұлттық құрамалар матч ойнауы қиын. Десе де, көктемде Ұлттар лигасындағы қарсыласымыз Молдова құрамасы екі жолдастық матч өткізді. Уганда мен Оңтүстік Кореямен кездесті. Екі матчта да Молдова жеңіліп қалды. Қаңтар айындағы саяси жағдайдың салдарынан ұлттық құрама ойындарын жоспарлау да қиын болды. Осындай жағдайда легионерлер құрамасымен ойын өткізу таптырмас шешім болды.
Қазақстан құрамасы легионерлер командасымен кездескенін жанкүйерлер жақсы біледі. Тіпті, сол матч жанкүйерлер тарапынан қызығушылық тудыртты. Алматыдағы орталық стадионға 15 мыңнан астам жанкүйер келген еді. Матчтың өзі де голға бай, тартысты өтті. Мирослав Беранек баптайтын Қазақстан құрамасы 2012 жылы легионерлерге қарсы шығып, 2:2 тең ойнады. Биылғы матч та дәл солай тартысты өтеді деген сенімдеміз. Себебі өз-өзін дәлелдегісі келіп жүрген легионерлер барын салып ойнары анық. Бұл команданы Андрей Карпович жасақтап, дайындап отыр.
Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов "Зенит" сапында жүрген Нұралы Әліпті шақырмады. Ол петерборлық клуб сапына сіңісіп алсын деп, әдейі уақыт беріп отыр. ЦСКА сапында жүрген Зайнутдиновтың да кішігірім жарақаттан енді аяғып шыққанын біліп, бапкер оның орнына жас футболшыларыды шақырып тексеріп көрмекші. Ал біз оқырмандар назарына Қазақстан – Легионерлер арасындағы ойынның ресми хаттамасын ұсынуды жөн санадық. Бәлкім, есіңізге осы ойын түсетін шығар?
Қазақстан - Легионерлер 2:2 (1:0)
Голдар: Шабалин 9 (1:0), Юнузович 58 (1:1), Нұрдәулетов 81 пенальти (2:1), Каньяс 86 (2:2)
Ескертулер: Нұрдәулетов 83 - Каньяс 70, Мвесигва 81
Қазақстан: Сидельников (Логиновский 46), Энгель (Гурман 46), Мұхтаров, Рожков, Киров, Шабалин (Шомко), Мұжықов (Қонысбаев), Нөсербаев (Исламхан), Нұрдәулетов, Коробкин (Шахметов), Остапенко (Гридин)
Қосалқы құрам: Дмитренко
Легионерлер: Эрич, Мвесигва, Мехмедович, Джидич, Лазаревски, Касьянов, Диакате, Семлер, Кетевоама, Чагелешвили, Зенькович
Алаңға алмасып енгендер: Василевич, Каньяс, Вичюс, Юнузович, Говедарица, Арсеньевич
Қосалқы құрам: Гильерме, Арури
Төрешілер: Салий (Өскемен), Васютин, Тергеусізов (екеуі де — Алматы)
15 тамыз. Алматы. "Орталық" стадион. 15 000 көрермен.
Ермұхамед Мәулен