Бірінші кезеңде Қазақстан құрамасы қарсыластарын қыспаққа алды. Бірақ голды бірінші кезеңнің аяқталуына 4 минут қалғанда ғана соға алды. Дмитрий Шевченко қарсы шабуылдан өтіп, қақпашымен жалғыз өзі бетпе-бет келіп, әлем кубогындағы алғашқы голын соқты.
Екінші кезеңде біздің хоккейшілер басымдықты арттыра алмады. Алайда норвегиялықтар өз мүмкіндіктерін пайдаланып кетті. Томас Валквэ Олсен Матиас Треттьенстің шығарған пасынан кейін Қазақстан қақпасына шайбаны дәл бағыттады - 1: 1.
Үшінші кезеңнің екінші минутында норвегиялықтар алға шықты. Гол авторы Стефан Эспеланд. Біздің команданың гол соғуға мүмкіндіктері болды. Бірақ қарсыластың қорғанысы мен қақпашысы мықты болып шықты. Финалдық ысқырыққа бір минут қалғанда норвегиялық хоккейшілер кездесудің нүктесін қойып, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Норвегия – Қазақстан 3:1 (0:1, 1:0, 2:0)
0:1 - Шевченко (Сведберг) - 16:00
1:1 - Валькве Ольсен (Треттенес, Холёс) - 27:57 ГБ
2:1 - Эспеланд (Треттенес, Россели Ольсен) - 41:08
3:1 - Олимб М. (Олимб К.) - 59:00
Қақпашылар: Хёукеланд – Бояркин
Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Норвегияға қарсы өткен кездесуге қатысты пікір білдірді.
"Жігіттер барын салды. Біз соңына дейін ойнадық. Қарсыластарымызға шайбаға иелік етуге жол бермей төтеп беруге болар еді. Біз бірінші кезеңде белсенді ойнадық. Екінші айналымда қарсылас бізден басым болды. Үшіншісінде біз оларға қысым көрсетуге тырыстық. Бірақ олар өте сауатты ойнады", - деді Юрий Михайлис.
Топтық кезеңдегі ойындарын аяқтағаннан кейін жеті кездесуде он ұпай жинаған Қазақстан құрамасы плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Енді құрамамыздың тағдыры бүгін, 1-маусымда өтетін басқа матчтардың нәтижелеріне байланысты болмақ.
Ермұхамед Мәулен