Қазақстан құрамасы Нью-Делиде төрт медаль жеңіп алды

1077

Велоспорттан Қазақстан құрамасы Нью-Делиде жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде төрт медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы Нью-Делиде төрт медаль жеңіп алды

Командалық жарыста Вадим Белугин, Илья Карабутов, Аслан Силықбек және Максим Тараскин үздік шықты. Ал әйелдер арасында элиталық санатта Рината Сұлтанова, Светлана Пащенко, Фаина Потапова, Анжела Соловьева және Марина Кузьмина күміс жүлдеге қол жеткізді. Дәл осы санат бойынша жасөспірімдерден Елизавета Склярова, Виолетта Казакова, Дарья Казакбай, Елизавета Гринберг, Алина Юнкман үшінші орынға ие болды. Жасөспірімдер Кирилл Курдиди, Мирас Алпатов, Рамазан Мұхтар, Ризван Бейсенбаев командалық спринтте жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.

Жексенбі, 19 маусым күні қазақстандық спортшылар жекелей жарыста 500 метрге гитада (уақытқа арналған жекелей жарыс) және кейриннен сынға түседі. Велоспорттан Азия чемпионаты – Азия велоспорт конфедерациясының басшылығымен жыл сайын Азия велошабандоздары арасында өтетін жарыс. Ол тәуелсіз турнир ретінде 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.

Сонымен қатар 20-25 маусым аралығында Бурабай ауданында тас жолдағы велоспорттан бірден төрт жарыс өтеді. Паралимпиадалық спортшылар арасында жекелей жарыстан, ерлер мен әйелдер арасында командалық эстафетадан, жұптық, жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасындағы командалық жарыстан, тас жолда велоспорттан ел чемпионаты өтеді.

Атап айтқанда, дүйсенбі күні 20 маусымда ерлер мен әйелдер командалық эстафетада 30 шақырым қашықтықта медальдар үшін сынға түссе, паралимпиадашылар 15 шақырым қашықтықта жекелей жарыста күш сынасады. Сейсенбі, 21 маусымда жасөспірімдер 25 шақырымдық жарыста және жасөспірімдер 40 шақырымдық командалық жарыста өзара мықтыны анықтайды. 22 маусымда Ұлттық чемпионат бағдарламасы – ерлер, әйелдер, жасөспірімдер мен қыздар жекелей жарысты бастайды.

Айта кетейік, тас жолдағы велоспорттан ел чемпионаты соңғы рет 2019 жылы Бурабайда өткен болатын.

Ермұхамед Мәулен