Қазақстан құрамасы Сан-Марино футболшыларын қапы қалдырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3485

Еліміздің ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасында екінші рет ірі есеппен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы Сан-Марино футболшыларын қапы қалдырды Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясында төртінші ойынын аяқтады. Әрі оның үшеуін өз алаңында өткізіп, екінші рет айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жалпы екі матчта ойсырай ұтылып (0:4 және 0:3), екеуінде ірі есеппен үстем түсті (3:0 және 4:0). Доп айырмасы – 7:7. Әрі қоржынымызда – 6 ұпай. Әзірше осындай – тепе-теңдік. 

Чех маманы Михал Билек жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы осыдан үш күн бұрын FIFA рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия құрамасымен кездескен. Ал бүгін түнде осы рейтингтің соңғы сатысына табан тіреген Сан-Марино футболшыларымен додаға түсті. Әрі төрт доп айырмасымен жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты.

Алайда 45 минут бойы тықыршып, күйзелуге тура келді. Сан-Марино футболшылары жанкештілік танытып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Әсіресе, қақпашысы жанұшыра қимылдап, біздің жігіттердің бірнеше шабуылын тойтарып, соққыларын қайтарды. Қазақстан құрамасының бапкерлері де, ойыншылары да бірінші таймның соңына дейін қара терге түсті.

Десек те бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта Исламбек Қуат қонақтардың қақпасының "құлпын бұзып", есеп ашты. Тағыберген, Исламхан және Сүйімбаев төртеуі ұжымдық ойын үлгісін паш етті. Сөйтіп біздің құрама үзіліске көтеріңкі көңіл-күймен шықты. Әйтпесе үзіліс кезінде бас бапкеріміз айқайға басып, жігіттеріміздің ұнжыралары түсіп кетер де ме еді.

Екінші таймға зор құлшыныспен шыққан жігіттеріміз тағы үш гол соқты. Әуелі М.Федин екібастұздық жерлесі Д.Шомконың өз қақпамыздың маңынан зулата тепкен добын іліп алып, Сан-Марино қорғаушылары мен қақпашысын сан соқтырып кетті. Көп ұзамай Сүйімбаев теңбіл допты айып алаңының сыртынан шірене теуіп, қонақтарды тағы да қапы қалдырды.  

Матч соңында Бауыржан Исламханның да бағы жанды. Осы ойында тыным таппай зыр қағып, ұлттық құраманың барлық шабуылын үйлестіріп отыруға тырысқан Батори да Сан-Марино қақпасын алыстан дөп көздеді. Бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндік болғанмен, есепті одан әрі ұлғайтудың сәті түспеді. Әйтсе де, Қазақстан құрамасы деңгейінің жоғарылау екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты.

Қазақстан – Сан-Марино – 4:0
Голдар: Қуат, 45+1. Федин, 62. Сүйімбаев, 65. Исламхан, 79.
Ескертулер: Ерланов, 31. Шомко, 90 – Л.Ченсони, 48. Бролли, 64.
Қазақстан: Непогодов, Шомко, Малый, Ерланов, Сүйімбаев, Вороговский, Қуат (Перцух, 84), Тағыберген, Исламхан, Тұрысбек (Жаңғылышбай, 65), Айымбетов (Федин, 58).
Сан-Марино: Э.Бенедеттини, Грандони, Бролли, Ф.Витайоли, Чезарини (Ман.Баттистини, 76), Л.Ченсони, Муларони, Лунадеи, Мик.Баттистини (Э.Голинуччи, 46), М.Витайоли (Бернарди, 83), Нанни. 
Төрешілер: Франковски, Борковски, Сейка (бәрі де – Польша).
Астана. "Астана-Арена". 18 652 көрермен 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 33 – 2
Тура соққы: 16 – 2
Қиыс кеткені: 11 – 0
Тойтарылғаны: 6 – 0

Бұрыштама соққылар: 17 – 1
Офсайдтар: 1 – 3

Допқа иелік ету: 71% – 29%

Пастар: 599 – 231

Дәл пастар: 512 – 144

Пастар дәлдігі: 85% – 62%

Қорғаныста доп тартып алу: 8 – 7

Допы айып алаңынан шығару: 3 – 31
Ескерту (сары қағаз): 2 – 2

Ереже бұзу: 18 – 12

Еуро-2020. I тобы.

Қазақстан – Шотландия – 3:0

Бельгия – Ресей – 3:1

Кипр – Сан-Марино – 5:0

Қазақстан – Ресей – 0:4

Сан-Марино – Шотландия – 0:2

Кипр – Бельгия – 0:2

Бельгия – Қазақстан – 3:0

Ресей – Сан-Марино – 9:0

Шотландия – Кипр – 2:1

Қазақстан – Сан-Марино – 4:0

Бельгия – Шотландия – 3:0

Ресей – Кипр – 1:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу