18 қазанда қазақстандық команда шорт-тректен Әлем чемпионатының бірінші кезеңіне қатысу үшін Қытай астанасы Пекинге аттанды. Спортшылар ПТР сынақтарынан өтіп, карантинде болды. Жарыс 21-24 қазан аралығында өтеді. Бұл іріктеудегі алғашқы жарыс.
Сайысқа қазақстандық спортшылардан ерлер арасында Абзал Ажғалиев, Еркебұлан Шамуханов, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Нұртілек Қажғали, ал әйелдер арасынан Ольга Тихонова, Мадина Жанбосынова, Алена Волковицкая, Яна Хан, Әлия Әмірғалиева, Асель Тайшмановалар ел намысын қорғады.
21 қазанда 500, 1 500 метр қашықтықта және эстафетада аралас командалар арасында сайыс өтті. Спринтте Денис Никиша жақсы нәтиже көрсетіп, ширек финалға өткен болатын. Ал Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжғалиев жарыстан шығып қалды. 1 500 метр қашықтықта ширек финалдар қорытындысы бойынша ½ финалға бірден екі қазақстандық спортшы – Әділ Ғалиахметов пен Нұртілек Қажғали шықты. Аралас эстафетада біздің команда өз тобында төртінші болды. Бұл 1/2 финалға өту үшін жеткіліксіз болды.
Жарыстың екінші күні Әділ Ғалиахметов нәтижелі өнер көрсетті. Ол 1 000 метр қашықтықта өткен сайыста 1/4 финалға шықты. Бұл бағдарлама түрі бойынша қазақстандықтар арасынан Ольга Тихинова да өнер көрсетті. Өкінішке орай ол алғашқы раундтан өте алмады. Сондай-ақ эстафетада Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары өнер көрсетті. Командалардың ешқайсысы жартылай финалға өте алмады. Дегенмен жарыс кезінде ерлер мәреге дейін көш басында болды. Бірақ Италия құрамасы біздің спортшылардан әп-сәтте озып кетті. Эстафетада үздік нәтиже көрсеткен тек алғашқы екі команда ғана келесі кезеңге өтті.
Ал жарыстың үшінші күні қазақстандық спортшылар тамаша нәтижеге қол жеткізді. Ерлер арасында 1 500 метрге конькимен жүгіруде Әділ Ғалиахметов күміс жүлдегер атанды. Ол бұл қашықтықты 2 минут 18.680 секундта бағындырды. Ресейлік Семен Елистратов жарыс жеңімпазы атанса, Қытай өкілі Ан Кай үздік үштік қатарын толықтырды.
Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Денис Никиша 500 метр қашықтықта 40,876 секунд нәтижесін көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Венгриялық Шаолин Шандор алтыннан алқа тақса, тағы бір Венгрия өкілі Джон Генри Крюгер күміс медаль иеленді.
Ермұхамед Мәулен