Елордадағы "Жекпе жек" спорт кешенінде Қазақстан мен Словения құрамалары арасында ресми матч ойналды. Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездескен қос құрама жанкүйерлер көңілінен шығатын ойын көрсетті. 2024 жылы болатын Еуропа чемпионатына бару үшін Қазақстан құрамасы алдымен өз тобында жеңіске жетуі қажет. Топта екі команда. Оның бірі Словения, екіншісі Черногория құрамасы.
Словения осал қарсылас емес. Олар әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Дәл біздің тобымызда ойнап, Қазақстан құрамасына сол шақта тегеурінді қарсылық көрсетті. Бұл жолы да солай болды. Десе де, ойынның бастапқы бөлігінде жылдам салынған гол Қазақстан құрамасына тамаша көңіл-күй сыйлады. 6 минутта Альберт Ақбалықов есеп ашып, командамызды жеңіске жетеледі. Одан кейін қонақтар да бірнеше мүмкіндіктер жасап, қорғанысымыздың дегбірін қашырды. Ал кездесудің 35 минутында Дуглас есепті еселеп, жеңімпаз жайлы сауалға нүкте қойды. Қазақстан құрамасы осы есепті ұстап қалды. Қоржынымызда енді 3 ұпай. Келесі ойынды Қазақстан құрамасы 12 қазан күні Черногорияда өткізеді. Ол матчта да Кака шәкірттеріне жеңіс қажет.
Ермұхамед Мәулен