Қазақстан құрамасы Ташкенттегі Азия чемпионатында бақ сынауда

245

26 маусым мен 2 шілде аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы "Хумо Арена" спорт кешенінде үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтуде.

Қазақстан құрамасы Ташкенттегі Азия чемпионатында бақ сынауда

Жарысқа 20 мемлекеттен ең үздік жас спортшылар жиналды. Бұл құрлықтағы басты жарыстардың бірі саналады және Азиядағы болашағы зор теннисшілердің шеберлігін көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.

Турнир U-15 және U-19 жас санаттарында ұйымдастырылып отыр. Аталмыш додада Азияның алпауыт елдері саналатын Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сынды құрамалармен қатар Қазақстан да чемпиондықтан өз үміткерлерін алаңға шығарды.

Қазақстан сапында жарысқа қатысып жатқан спортшылар: Алан Құрманғалиев, Абдулла Мамай, Нұрислам Қасым, Данян Ши, Алексей Маркин, Кирилл Берников, Орынбасар Есімхан, Асылхан Мақзұмбеков, Альбина Жақсылықова, Виктория Мочалкина, Дарья Фу, Ноила Ханиязова, Жания Бекмұхамбетова, Мария Лукьянова, Мафтуна Ханиязова, Айназ Әділгереева.

Жарыс бағдарламасына жекелей және жұптық сайыстармен қатар, аралас жұптар және командалық кездесулер де енген. Бұл формат жас спортшыларға техникалық, тактикалық және психологиялық жағынан толыққанды шыңдалуға жағдай жасайды.

Қазақстан құрамасының бұл чемпионаттағы басты мақсаты тәжірибе жинап қана қоймай, құрлықтық деңгейде өз шеберлігін дәлелдеу. Соңғы жылдары елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, жастарымыздың бұл жарыста да лайықты өнер көрсетуіне үміт зор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу