Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Украина құрамасымен кездесті. Киевтегі Олимпиадалық стадионда өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Ойындағы алғашқы голды 20-минутта Украина құрамасының шабуылшысы Роман Яремчук соқты. Ал 59-минутта Серікжан Мужиков керемет соққы жасап, таразы басын теңестірді. Нәтижелі пасты Азат Нұрғалиев өз еншісіне жазды. Матч соңына дейін Украина құрамасында бірнеше мүмкіндік болғанымен, Стас Покатилов есептің өзгеруіне жол бермеді.
Кездесу аяқталған соң екі команданың бапкерлері баспасөз мәслихатында ойынға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
"Бірінші таймда біздің команда баяу қимылдады. Бұған ұзақ уақыт ұшу, бейімделу, уақыт белдеулерінің өзгеруі әсер етуі мүмкін. Біз екінші матчта жақсы ойнаған жоқпыз. Алайда, екінші таймда қаласаңыз бәрін өзгертуге болатындығын біз дәлелдедік. Енді дәл осы қарқынмен жұмыс жасаймыз", - деді Талғат Байсуфинов.
"Гол соғуға қаншама мүмкіндіктер болды. Бірақ, барлығы босқа кетті. Ал біздің қарсыласымызда бір мүмкіндік болды және олар оны сәтті пайдаланды. Маған ойынның соңы мүлде ұнаған жоқ. Кейбір футболшыларымыз өз позицияларын жоғалтты. Соңында нәтижесі осындай болып отыр. Мен барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Үзіліс кезінде жігіттерге мүмкіндіктерді пайдалану керектігін ескерттім. Өкінішке орай, менің оларға айтқандарымның барлығы дұрыс болып шықты", - деді Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко.
Қазақстан құрамасы: Стас Покатилов (қақпашы) – Руслан Валиуллин, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Тимур Досмағамбетов – Айбол Әбікен, Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев (капитан), Серікжан Мужиков, Абат Айымбетов;
Қосалқы құрам: Мұхамеджан Сейсен (қақпашы), Бекхан Шайзада (қақпашы) – Ян Вороговский, Олжас Керімжанов, Тимур Рудосельский, Марат Быстров – Рамазан Оразов, Данияр Үсенов, Эльхан Астанов, Еркебұлан Тұңғышбаев, Максим Самородов – Рамазан Кәрімов;
2022 жылығы Әлем чемпионатына іріктеудегі келесі матчта Қазақстан құрамасы 1-қыркүйекте өз алаңында Украинаны қабылдайды.
Ермұхамед Мәулен