Қазақстан құрамасы Универсиадада Венгрияның тас-талқанын шығарды

890

Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері топтық кезеңдегі екінші кездесуінде Венгрия құрамасын 9:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан құрамасы Универсиадада Венгрияның тас-талқанын шығарды Фото: icehockey.kz

12 қаңтар АҚШ-тың Лэйк-Плэсидінде Дүниежүзілік Қысқы Универсиада басталды. Хоккей турниріне Қазақстан студенттер құрамасы қатысуда. Топтық кезеңде біздің хоккейшілер В тобында Корея, Венгрия, Словакия, Ұлыбритания және АҚШ командаларымен кездесу өткізуде. Универсиада 22 қаңтарға дейін жалғасатын болады.

Қысқы Универсиаданың алғашқы матчын Қазақстан құрамасы Кореяға қарсы өткізді. Бірінші кезеңде есепті біздің хоккейшілер ашты. Голды Алдияр Нұрлан салды. Екінші кезеңнің басында қарсылас есеп теңестіре алды, алайда араға 4 минут салып, Максим Мусоров өз командасын қайтадан алға шығарды. Кезең соңына дейін қазақстандық хоккейшілер тағы үш шайба салды, оның екеуін артық құрамда ұйымдастырды. Дубльді Кирилл Полохов жасады, ойынның нүктесін Максим Мухаметов қойды. Қорытынды есеп Корея - Қазақстан 1:5 (0:1, 1:4, 0:0).

Универсиаданың топтық кезеңіндегі екінші ойында Қазақстан құрамасы Венгрияға қарсы айдынға шықты. Бірінші кезеңде хоккейшілеріміз жауапсыз бес гол соқты. Артем Королевтің жылдам шайбасынан кейін Абай Маңғысбаев дубль жасады. Сондай-ақ Максим Мусоров пен Олег Бойко бір-бір голдан соқты. Ойынның екінші бөлігінде қарсыластарымыздың қақпасына тағы үш гол соғылды. Гол авторлары Саян Данияр мен Станислав Александров. Ал ойыншылар саны жағынан басымдықты сәтті пайдаланған Максим Мусоров та венгриялықтар қақпасын дәл көздеді. Үшінші кезеңде Саян Данияр тағы бір гол соқты. Кездесу соңында Венгрия құрамасының тек бір гол соғуға мүмкіндігі болды. Қорытынды есеп 9:1. Осылайша Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстан студенттер құрамасы келесі ойынды 16 қаңтарда Ұлыбританияға қарсы өткізеді. Сондай-ақ Словакия мен АҚШ-қа қарсы кездесулер де жоспарланған. Параллель топта Канада, Чехия, Жапония, Латвия, Швеция және Украина командалары өзара кездеседі. Әр топтан бірінші орын алған екі команда плей-офф кезеңіне өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу