Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарына аттанды

159

V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты 2026 жылғы 18 қазанда өтеді.  

Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарына аттанды Фото: ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің ресми telegram

Астанада Қазақстанның ұлттық құрамасын V Азия Пара ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Аичи–Нагоя 2026 жарыстары 18-24 қазан аралығында Жапонияда өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шара "Qazaqstan" жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ұйымдастырылды. Оған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Шараның шымылдығын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ашып, ұлттық құрама спортшыларына алдағы жарыста сәттілік тіледі.

"V Азия Пара ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде еліміздің спортшыларына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жарысқа тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалды. Биыл 12 спорт түрінен спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысты. Осы жарыстардың нәтижесінде 63 медаль жеңіп алды. Бұл – спортшыларымыздың тынымсыз еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі. Спортшылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін сапалы дайындықпен қатар, қажетті әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету де аса маңызды. Осы бағытта Қазақстанда заңнамалық деңгейде І топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітілді. Бұл қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025–2027 жылдарға жалпы 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Алдағы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 еріп жүруші аттанады. Бұл спортшыларымыздың жарыстарға толыққанды қатысуына және өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуіне жағдай жасайды. Алдағы ойындарда барша спортшыларымызға сәттілік тілеймін! Еліміздің көк туын биікте желбіретіп, Отанымыздың намысын абыроймен қорғайтындарыңызға сенемін. Әрбір жеңіс – ел үшін үлкен мақтаныш!" – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Рәсім барысында ұлттық құраманың ту ұстаушыларына Қазақстанның Мемлекеттік туы табысталды. Ашылу салтанатында туды пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы, Париж-2024 Паралимпиадасының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла алып шығады. Спортшылар атынан Дастан Мұқашбеков салтанатты ант берді.

"Қазақстанның Мемлекеттік туын Азия Пара ойындарында алып шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Еліміздің көрсеткен ерекше сенiмiн бағалап және өзiмнiң жауапкершiлiгiмдi сезiне отырып, Азия Пара ойындарында еліміздің намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижеге жету үшiн өзiмнiң жеңiске деген бар күш-жiгерiмдi жұмсаймын", – деді құрама ту ұстаушысы.

Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 150 спортшы бақ сынайды. Олар пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, отырып ойнайтын волейбол, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, бочча және арбадағы теннис бойынша жарысады.

Сондай-ақ шарада Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық құрамасының алғашқы ресми маскоты – "Жеңіс" таныстырылды. Қарақал бейнесінде жасалған маскоттың бір аяғындағы спорттық протезі қайсарлықты, рух күшін және шексіз мүмкіндіктерді білдіреді. Қарақал Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оны ұлттық құрамаға Vietjet Qazaqstan компаниясы табыстады.

Айта кетейік, V Азия Пара ойындарына Азияның 45 елі мен өңірінен шамамен 4 мың спортшы қатысады. Жарыстар спорттың 18 түрінен өтіп, 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу