Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2022 іріктеу кезеңіндегі ойындарын жеңіспен бастады. Каканың шәкірттері Нұр-Сұлтанда Венгрияны қабылдап, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бүгінгі кездесуде Арнольд Кнауб (7', 13'), Дәурен Нұрғожин (10'), Альберт Ақбаликов (14') және Дәурен Тұрсағұловтар (22') гол соқты. Ал негізгі құрамның ойыншыларынан Игита денсаулығына байланысты кездесуді жіберіп алды. Оның Covid-19 тапсырған сынағы оң нәтиже көрсетті. Негізгі құрамның қатарынан осымен төрт ойыншы шығып қалды. Игитадан бөлек Леонардо Мендонка, Қайрат Иманалин және Тайнан Рего жарақаттарына байланысты ойынға қатыспады.
Бұл матч Қазақстан құрамасы үшін тек іріктеу турниріндегі бірінші матч ғана емес, сонымен қатар биылғы жылдағы соңғы ойын болды. Команда келесі кездесуін 2021 жылы 28 қаңтарда сырт алаңда Израильге қарсы өткізеді.
Тарихта бірінші рет іріктеу матчтары "үйде - қонақта" формуласы бойынша өтетін болды. Командалар үш матчты өз алаңында, ал қалған үш матчты сырт алаңда өткізеді. Сонымен бірге, Қазақстан құрамасы алғаш рет "үйдегі" кездесуді Алматыда өткізбеді.
Сегіз топтың жеңімпаздары мен алты екінші орын иегерлері Еуропа чемпионатына жолдама алады. Төртінші кезеңде екі команда плей-офф кезеңінде 15-ші жолдаманы сарапқа салады. Турнирдің финалдық бөлігі Нидерландыда өтеді (Амстердам және Гронинген). Сондай-ақ Қазақстан Еуро-2022 додасын өткізуге үміткерлердің бірі болды.
Ермұхамед Мәулен