Қазақстан құрамасы жеті дүркін Дэвис кубогінің иегерлерін жеңді

1350

Испания астанасы Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогінің финалдық кезеңінде топтық сайыста Қазақстан құрамасы Швециядан басым түсті.

Қазақстан құрамасы жеті дүркін Дэвис кубогінің иегерлерін жеңді

Жұптық сайыста қазақстандық теннисшілер Андре Йорансон мен Роберт Линдстедтті жеңді. Қазақстандықтар бірінші ойынды сенімді бастады. Олар Голубевтің сервисіндегі ойынды "нөлге дейін" қабылдады. Қорғаныста Недовесов пен Голубев мінсіз жұмыс істеді. Қазақстандық теннисшілердің жақсы үйлесім тапқан ойыны тамаша нәтиже берді. Алғашқы сетте екі брейк жасаған Недовесов пен Голубев 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте де жерлестеріміз 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол қарқынын төмендеткен жоқ – 6:3. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында Андрей Голубев пен Александр Недовесов 3 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Осылайша, Қазақстан құрамасы топтық бәсекедегі алғашқы матчта Швецияны 2:1 есебімен ұтты.

Юрий Щукин, Александр Бублик, Андрей Голубевтер Дэвис кубогінің финалдық кезеңінде Швеция құрамасын жеңгеннен кейін ойыннан алған әсерлерімен бөлісті.

"Бұл өте қиын матч болды. Мен командам үшін қуаныштымын. Біз тынығып, Канадамен келесі жекпе-жекке дайын боламыз. Аталмыш командамен таныспыз. Психологиялық тұрғыдан дайынбыз және үйреніп те қалдық. Ойын қызықты болады деп ойлаймын", – дейді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.

"Әрине, командалық рух бар. Бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Барлық матчтарымызға келетін жанкүйерлер бізге көп көмектеседі. Барлығымыз мұнда не үшін келгенімізді жақсы түсінеміз және біздің бір мақсатымыз бар. Ұпайды кімнің алғаны маңызды емес. Кім ұпай әкелсе де, ең бастысы жеңіс!", – деп Александр Бублик жарыс күнін қорытындылады.

Дэвис кубогі – ұлттық командалар арасындағы теннистен ең басты турнир. Ал оның маңыздылығы жеке және командалық жеңістерде ғана емес дейді Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының теннисшісі Андрей Голубев.

"Ұлттық құраманың Дэвис кубогіне қатысуының маңызы зор. Турнир бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып жатыр. Қазақстандағы балалар мен олардың ата-аналары матчтарды көріп, бізге қолдау көрсетуде. Менің ойымша, бұл олардың теннис ойнай бастауына жақсы ынталандыру болады. Осы спорт түріне мүмкіндігінше көп адамды тарту – Қазақстан теннис федерациясының мақсаттарының бірі", – деді Голубев.

Турнирдің финалдық бөлігіне 18 команда (3 командадан 6 топ) қатысуда. Топ жеңімпаздары мен үздік нәтиже көрсеткен тағы екі команда ширек финалға жолдама алады. Қазақстандықтар бүгін Канада құрамасымен ойнайды. Ойындарды тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де тамашалауға болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу