Қазақстан құрамасы Жоғары дивизионға қалай шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2838

Құрамында АҚШ, Канада, Швеция және Ресей хоккейінің түлектері ойнайтын Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды.

Қазақстан құрамасы Жоғары дивизионға қалай шықты

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының Жоғарғы дивизионға көтеріле алмай жүргеніне үш жыл болған. 2009 жылдан бастап, 2016 жылға дейін Жоғары және Бірінші дивизиондар арасында тербеліп жүріп (әрқайсысында бір жылдан ойнап), команда-лифт атанғанбыз. Алайда 2017 жылдан бастап, сол "мәртебеміздің" өзінен "айырылып" қалып, оған да зар болдық.

Биыл басты мақсатымызға қол жеткізіп, Жоғары дивизион жолдамасын жеңіп алдық. Бұл арманымызға қазақ спортында кеңінен қолданылып келе жатқан "төте жолмен", яғни деңгейлері жоғары шетелдік ойыншыларды тартумен жеттік. Биылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизионында қазақ елі намысын қорғаған 22 хоккейшінің 12-сі, яғни жартысынан көбі сондай ойыншылар еді.

Атап айтқанда, қақпашы Хенрик Карлссон (Швеция), қорғаушылар Даррен Диц (Канада), Алексей Маклюков, Егор Шалапов, Никита Клещенко (барлығы – Ресей), шабуылшылар Брэндон Боченски (АҚШ), Мартен Сен-Пьер, Дастин Бойд (екеуі де – Канада), Павел Акользин, Дмитрий Шевченко, Антон Некряч, Егор Петухов (барлығы – Ресей) сынды ойыншыларымыз – Қазақстан азаматтығын алған хоккейшілер.

Осы ретте  биыл әртүрлі себептермен Найджел Доус және Кевин Даллмэн сынды "жаңа қазақтарымыздың" ұлттық құрама сапын толықтыра алмағандарын да естеріңізге сала кеткіміз келеді. Қалай десек те, биыл үш жылға созылған мақсатымызға қол жеткіздік. Ең бастысы – сол. Бүгінде нәтиже маңызды болып тұр. Ал қалғаны, қалғаны – кейін...

Әлқисса, Қазақстан құрамасы сәулетті елордамызда өткен Әлем чемпионатының Бірінші дивизионында бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті. Әуелі Словения хоккейшілерінен 3:2 есебімен айласын асырды. Одан кейін Литва жігіттерінен 3:1 есебімен басым түсті. Содан соң Корея қырандарын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Төртінші ойында өздерімен деңгейлес Беларусь құрамасын матчтың негізгі уақытында жеңе алмады. Екі шайба айырмасымен ұтып жатып, таразы басын теңестірулеріне мүмкіндік беріп қойды. Есесіне, овертаймда жеңіс голын соғып, екі ұпай еншіледі. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Скабелканың отандастарына бір ұпай бұйырды.

Бүгін Венгрия құрамасымен соңғы ойынын өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Әрі Бірінші дивизионның "А" тобында бірінші орынға ие болды. Осы ойынның алдында Корея жігіттерінен ұтылып қалған Беларусь хоккейшілері екінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп Қазақстан құрамасы беларустармен бірге Жоғары дивизионға шықты. Яғни келесі жылы Швейцарияда (Цюрих пен Лозаннада) өтетін Әлем чемпионатында бақ сынайтын болады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу