Қазақстан құрамасының Арменияға азуы батпады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2654

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 әлем чемпионатының іріктеу додасын өте төмен нәтижемен аяқтады.

Қазақстан құрамасының Арменияға азуы батпады

Қазақстан құрамасы үшін 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі тәмамдалды. Еуропаның 9-електік тобында бақ сынаған футболшыларымыз 10 ойын өткізіп, жетеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Тек үш рет тең түсті. Доп айырмасы: 6-26. Жалпы, соңғы рет 2016 жылы 7 маусым күні Қытай құрамасын жеңгенбіз. Бірақ бұл жолдастық кездесу болатын...

Ұлттық құрамамыз 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы кездесуін кеше түнде Армения құрамасымен өткізген. Жанкүйерлер футболшыларымыз соңғы ойында жеңіске жетіп, бір желпіндірер деп күтті. Алайда Ресей маманы Александр Бородюк жаттықтыратын жігіттеріміз сенімді ақтай алмады.

Негізі, Армения құрамасы басқа қарсыластарымызбен салыстырғанда өте осал еді. Қорғаныстары сыр беріп, осыдан үш күн бұрын, өз алаңында Польша футболшыларынан 1:6 есебімен оңбай ұтылып қалған. Қазақстан құрамасымен екеуі деңгейлес еді. Бірақ олардың қорғаныстары біздің құраманың бекінісінен де нашар да, шабуылдары сәл ғана көш ілгері еді.

Ресей маманы Александр Бородюк кеше түнде тағы да таң қалдырды. "Е" тобындағы өзімізбен деңгейлес Армения құрамасымен өз жерімізде ойнасақ та, жасыл алаңға бір ғана шабуылшы, бес қорғаушы шығарды! Польша секілді азулы құрама болса бір жөн, қорғанысының топсасы осал командаға қарсы дәл осындай тактика қолданғанын түсінбей дал болдық.

Әйтсе де, ойынның басында біздің футболшылардың құлшыныстары зор болды. Атойлап алға шапты. Армения құрамасының қорғанысы шынымен де осал екендігіне көздері жетті. Алайда гол соға алмай, пұшайман болды. Әрі қонақтардың қарсы шабуыл ұйымдастыруларына мүмкіндік беріп ала бастады.

Армения құрамасы сапында халықаралық деңгейдегі бір ойыншы бар. Ол – ағылшының "Манчестер Юнайтед" клубында ойнайтын Генрих Мхитарян. Кешегі ойында оның деңгейі мен шеберлігі өзгелерден анағұрлым жоғары екендігі көзге ұрып тұрды. Арменияның бағына біткен жартылай қорғаушы әріптестеріне бірнеше рет тамаша пас беріп, шабуыл ұйымдастыруға тырысып отырды.

Тіпті бірінші тайм ортасынан ауғанда ағылшын премьер-лигасында ойнайтын, бүкіл Еуропаға танымал футболшы есеп ашты. Ол біздің қорғаушылардан сытылып кетіп, қақпашымызбен бетпе-бет шықты да, допты Давид Лорияның үстінен асыра салды. Бұдан кейін де Мхитарянның арқасында қонақтар допты қақпаларынан алысырақ ұстап, қорғаушыларына көп көмектесті.

Екінші таймда Қазақстан құрамасының бапкерлері Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына екінші шабуылшымызды шығарды. Әрі үзіліс кезінде жігіттерді жігерлендіріп, намыстарын біршама қайраған да секілді. Біздің футболшылар тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Ал Армения құрамасы үзілістен кейін жалдамдықтарын бәсеңсітіп алды. Генрих Мхитарян шаршап қалғандай...

Әрине, бұл біздің құрама үшін жақсы болды. Жігіттеріміз қонақтардың қорғанысын піспектеп жүріп, таразы басын теңестірді. Голды тағы да, яғни өткен матчтағыдай Бауыржан Тұрысбек соқты. Соңғы турларда бірінші лигада ойнап жүрген "Қайраттың" шабуылшысы бұл жолы да басымен қақпаны дәл көздеді.

Бұдан әріге біздің құраманың шамасы жетпеді. Рас, екінші таймда Армения құрамасын тықсырып, шабуылды үдетті. Бірақ тағы бір гол соғып, жеңісті жұлып ала алмады. Шабуылымыздың деңгейі қандай екені осы жерде байқалды. Ұлттық құрама соңғы ойында да жанкүйерлерімізді қуанта алмады.

Бірақ айта кетуге тиіспіз бұл ойында біршама ойыншымыз алаңға шыға алмады. Серікжан Мұжықов, Бауыржан Исламхан, Дмитрий Шомко, Георгий Жуков, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин сынды футболшыларымыз жарақаттанып, қатардан шығып қалған. Ал Исламбек Қуат, Ғафуржан Сүйінбаев, Сергей Малый секілді ойыншыларымыз өткен ойында екінші реттен ескерту алып, алаңға шыға алмады.

Қазақстан – Армения – 1:1 (0:1)

Голдар: Мхитарян, 26 (0:1). Тұрысбек, 62 (1:1).

Ескертулер: Мирошниченко, 24. Байжанов, 32. Муртазаев, 90 – Симонян, 68.

Қазақстан: Лория, Тұңғышбаев (Хижниченко, 46), Ахметов, Логвиненко, Дмитренко, Мирошниченко, Тағыберген, Байжанов (Дарабаев, 75), Нұрғалиев, Тұрысбек, Муртазаев.

Армения: Бегларян, Дагбашьян, Ароян, Микаэлян (Андонян, 67), Амбарцумян, Григорян, Малакян (Оганесян, 59), Симонян, Мхитарян, Пиззелли (Корян, 71), Адамян

Төрешілер: Тян, Бодян, Мардарь (бәрі де – Молдова).

8 қазан. Астана. "Астана Арена".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу