Қазақстан құрамасының футболшылары кім үшін ойнайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5382

Былтыр ғана қазақ жанкүйерлерінің көзайымына айналған тәжірибелі қақпашының біздің елге деген сүйіспеншілігі бір ғана маусыммен шектеліпті.

Қазақстан құрамасының футболшылары кім үшін ойнайды Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы бүгін журналистерді жинап, ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Михал Билектің алғашқы баспасөз жиынын өткізді. Чех маманы өзіне үлкен сенім артылып отырғанына қуанышты екенін де жасырмады. Енді сенімді ақтауға тырысатындығын тілге тиек етті. Жауапкершіліктен қорықпайтындығын және темірдей қатаң тәртіпті талап ететіндігін баса айтты.

Баспасөз жиынында Михал Билектің көмекшілері де түгел отырды. Негізгі көмекшісі ретінде орыс тіліне жетік, тәжірибесі мол, словак маманы Михал Хиппті таңдапты. Бұл екі жұпқа біздің федерация Талғат Байсуфинов пен Николай Родионовты (қақпашылар жаттықтырушысы) қосыпты. Әрі осы көмекшілері оған 36 ойыншының тізімін ұсынған. Басқаша айтқанда, бұл – ұлттық құраманың кеңейтілген тізімі. 

Михал Билек Қазақстан футболшыларының әлеуетін әлі жетік білмейтінін жасырмайды. 15-22 ақпан аралығында Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиыны кезінде кеңейтілген тізімдегі ойыншылардың бәрін сынақтан өткізіп көруді жоспарлап отырған көрінеді. Оның үстіне, 21 ақпан күні Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Міне, осы ойында бәріне де іс жүзінде көз жеткізіп көрмек.

Чех маманы бір сөзінде "ойыншылардың ел алдындағы жауапкершілікті түсінгенін қалаймын" деді. Түсіне білген адамға, бұл – мағынасы терең сөз. Бізге жетіспейтіні де осы сияқты. Бұлай дейтін себебіміз, былтыр ғана ел намысын қорғаған, мұны тіпті "үлкен мәртебе" санаған, серб қақпашысы Ненад Эрич енді Қазақстан құрамасының жейдесін кимейтін болыпты. Мұны бүгінгі баспасөз жиынында қақпашылардың жаттықтырушысы Николай Родионов та мәлімдеді...

2014 жылы Қазақстан азаматтығын алып, біздің елде легионер болып саналмай, 2010 жылдан бері қазақ топырағында нәпақа тауып жүрген қақпашы биыл осындай шешім қабылдаған. Соңғы рет Қазақ елі қақпасын 2018 жылғы 15 қараша күні қорғаған болатын. Екінші отанына деген шексіз сезімі мен махаббаты бір маусымға ғана жетсе, несіне әуре болған?! Жанкүйерлердің жүректерін неге осылай жаралаған?!

Әлде 2018 жылы тек Станимир Стойлов үшін ғана қақпаға тұрған ба? Немесе былтырғы бас бапкерінен де жоғары басшыларының намысын жыртуға келіскен бе? Түсініксіз... Әзірше құрама сапында (кеңейтілген тізімде) қорғаушы Евгений Постников та жоқ. Бұл ойыншы да біздің елдің азаматтығын алған. Негізі, Ресейде туып-өскен. Ресми түрде жарақаты бар деп жарияланды. Ол да былтыр ғана біздің елдің намысын қорғады...

Әрине, Ненад Эричсіз де Қазақстан ұлттық құрамасының таңы атып, тауығы шақыратынын бес саусағымыздай білеміз. Тек Қазақ елі мен оның миллиондаған жанкүйерлері алдындағы жауапкершілік жүгін ұзақ көтере алмайтын немесе оны жете түсінбейтін осындай легионерлерден сақ болсақ дейміз. Мүмкін бұл бізге сабақ болар?!  

Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізімі:

қақпашылар – Стас Покатилов, Владимир Плотников (екеуі де – "Қайрат"), Марсель Исламқұлов ("Қайсар"), Дмитро Непогодов ("Ордабасы");

қорғаушылар – Нұралы Әліп, Айбол Әбікен, Елдос Ахметов, Ғафуржан Сүйімбаев, Александр Соколенко (бәрі де – "Қайрат"), Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Сергей Малый (бәрі де – "Астана"), Темірлан Ерланов ("Ордабасы"), Дәурен Мәжитов ("Атырау"), Карам Сұлтанов ("Қызыл-Жар СК"), Дмитрий Мирошниченко ("Тобыл"), Александр Марочкин ("Қайсар");

жартылай қорғаушылар – Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Тұңғышбаев, Георгий Жуков, Ян Вороговский, Магомед Парагульгов (бәрі де – "Қайрат"), Серікжан Мұжықов, Юрий Перцух (екеуі де – "Астана"), Максим Федин ("Тобыл"), Александр Меркель ("Хераклес", Голландия);

шабуылшылар – Еркебұлан Сейдахмет ("Уфа", Ресей), Оралхан Өміртаев ("Шахтер"), Бауыржан Тұрысбек ("Тобыл"), Роман Муртазаев, Сергей Хижниченко (екеуі де – "Астана"), Владислав Васильев ("Энергетик-БГУ", Беларусь), Акмаль Бақтияров ("Сочи", Ресей), Алексей Щеткин ("Ордабасы").

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу