Қазақстан құрамасының маңызды ойыншылары саптан шығып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2838

Ұлттық құрамамыз Брюсселге ұшпай жатып, бірнеше ойыншысынан айырылды.

Қазақстан құрамасының маңызды ойыншылары саптан шығып қалды Фото: kff.kz

Еліміздің ұлттық құрамасы маусымның 1-інде Талғарға жиналып оқу-жаттығу жиынын бастаған. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясындағы Бельгия және Сан-Марино футболшыларымен өтетін ойындар дайындығы еді. Алайда бәрі де ойдағыдай болмай тұр. Қазірдің өзінде төрт ойыншымыз қатардан шығып қалды.

Дайындық жұмысы басталған бетте Юрий Логвиненконың бұрынғы жарақатынан әлі толық айықпағаны анықталып, ол үйіне қайтарылды. Әрі оның орнына "Қайраттың" қорғаушысы Елдос Ахметов шақыртылды. Бұл басы ғана екен. Екі күннен кейін Азат Нұрғалиев пен Дмитрий Шомко да буынып-түйініп, өз клубтарына қайтуға мәжбүр болды.

Ресми түрде екеуі де "жарақаттарына байланысты өз клубтарына қайтарылды" деген ақпарат таратылды. Содан аталған екі ойыншының орнына "Ордабасы" командасынан Тимур Досмағамбетов шақыртылды. Ал бүгін Бактиер Зайнутдиновтің де алдағы екі ойында ұлттық құрама сапында жасыл алаңға шыға алмайтыны жарияланды.

Сөйтіп, Чехия маманы Михал Билек жаттықтыратын Қазақстан құрамасы төрт ойыншысынан айырылып отыр. Бәрі де – халықаралық додаларда шыңдалған, тәжірибелі ойыншылар. Әйтсе де, бүгін таңертең Талғарда соңғы жаттығу жиынын өткізіпті. Енді Брюссельге жол тартып, маусымның 8-інен 9-ына ауған түні Бельгия құрамасымен додаға түседі.

Енді бір жағымсыз жаңалық, "Хераклес" (Голландия) клубы сапындағы Александр Меркель Талғарға келген жоқ. Алатау бөктеріндегі оқу-жаттығу жиынына қатыса алмады. Естуімізше, ұлттық құрамаға Брюсселде қосылуы керек. Бірақ оның тамағы ауырып жүрген көрінеді. Десек те, сенбіге дейін жазылып кетеді деп үміттенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу