Қазақстан күзде де дәстүрлі оқытуға толық орала алмауы мүмкін

18462

Мұғалімдер жаппай вакцина алмаса, ата-аналар балаларын оқуға жібермейміз деп жатыр, деп жазды Inbusiness.kz.

Қазақстан күзде де дәстүрлі оқытуға толық орала алмауы мүмкін

Елімізде екпе егу қарқыны полицейлер мен мұғалімдер есебінен артады деп күтілген. Алайда ұстаздардың басым бөлігі коронавирусқа қарсы вакцинаға қорқасоқтап қарап жүр. 

Сондықтан бүгін 2020–2021 оқу жылының ресми мәреге жетуіне орай педагогтерге қайырылған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оларды егілуге үндеді. БҒМ басшысы еліміздің "дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмағанына", қашықтан оқыту кесірінен оқушылардың білім деңгейінде алшақтық артқанына өкініш білдірді. Нәтижесінде, оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушылармен қосымша жұмыс жүргізуге, 26 мамыр–20 маусым аралығында жазғы мектептерді ұйымдастыруға тура келіп жатқанын хабарлады.

А.Аймағамбетов осы жылы соңғы қоңырау мерекесінде педагогтердің әрі-сәрі күйде қалғанын жасырмады: "Өйткені бір жағынан, оқу жылы аяқталып жатса, екінші жағынан жазғы мектептер жұмыс істей бастады. Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз".

БҒМ басшысы вакцинация бойынша халықты ағарту, сауаттандыру, тіпті екпеге қатысты фейктермен күресу педагогтерге жүктелетінін білдірді.

"Қымбатты әріптес! Сізді вакцинация науқанында белсенді азаматтық ұстанымыңызды танытып, вакцинация туралы ғылыми деректерді тарату барысында көмек көрсетуіңізді сұраймын. Сондай-ақ аталған тақырып аясындағы жалған ақпаратпен күресуге шақырамын! Мен оқытудың дәстүрлі форматын қолдаймын және бүлдіршіндеріміз үшін мектеп есіктері айқара ашылады деп үміттенемін. Халық вакцинация науқанына неғұрлым белсенді қатысса, әдеттегі өмір ырғағына соғұрлым тезірек оралатынымыз сөзсіз", – деді министр.

Айта кету керек, осының алдында ұқсас үндеуді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жариялады. Әйтпесе, мектептер офлайн-оқыту форматына қайтадан көше алмай қалуы мүмкін.

"Бір жылдан астам уақыт бұрын пандемия басталып, бұл індеттің барлық жағымсыз салдарын білдік. Вакцинация – COVID-19 дертін жеңудің, денсаулығыңызды, туыстарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғаудың жалғыз тиімді әдісі. Қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте келе жатқан мұғалімдер, медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, әлеуметтік қызметкерлер бірінші кезекте вакцина алуы керек! Өйткені олар тек өздерін ғана емес, науқастарды, оқушыларды қауіпсіздендіреді. Осылайша, аса қауіпті індеттен арылуға болады", – деп ескертті А.Көлгінов.

Қалыптасқан тәртіп бойынша 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Бірақ ол қайтадан онлайн форматта жүруі ғажап емес.

"Оқу форматы ұжымдық иммунитет пен педагогтардың екпе алу көрсеткішіне байланысты болады. Қазір екпе алған мұғалімдердің үлесі 40%-дан ғана асты. Бұл мектептерді оффлайн форматта ашу үшін жеткіліксіз! Оқушылар да, ата-аналар да оффлайн оқыту форматына оралғысы келеді десем, қателеспеймін. "Мұғалім–оқушы" тет-а-тет форматында білім алғанға ештеңе жетпейді. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізсек, қала қалыпты өмірге орала алады", – деді елорда әкімі.

Биліктегі қосі тұлғаның бұл мәлімдемесі халықты үрейлендіріп отыр.

"Мұнысы енді шантажға ұқсайды", – деп жазды фейсбук пайдаланушы Ербол Сатжанов.

"Вакцинацияланулары керек! Бұл мәселеге нүкте қою қажет. Бүкіл әлемде солай", – дейді Гүлнәр Жәнібек.

"Бүкіл әлемде педагогтер тып-тыныш қана бірінші болып вакцинациялануда. Біздің адамдар әрдайым бір сылтау табады", – деп реніш білдірді Дулат Сәбитов.

"Балаларымыз мектепке баруы үшін барлық мұғалімді вакцинациялау қажет. Олай болмаса, балаларымызды мектепке жібермейміз. Қарсымыз! Басқа жол жоқ. Мұғалімдер балаларды оқытқысы келсе, қауіпсіздігін қамтамасыз етсін!", – дейді Зарина Алтынбекова.

Қазақстандықтардың кейбірі білім ордаларына вирусты балалар апаруы мүмкін деген пікір айтып жатыр. Жазғы каникулда жас ұрпақ өкілдері бармаған жер қалмайды.

"Келіңіздер, онда оффлайн мектепке баруға ұмтылып отырған балалардың бәрін вакцинациялайық? Әлемде кейбір вакцина түрлері жасөспірімдерге салынып жатыр ғой", – дейді Ирина Врачева.

Қазақстанда қолданылатын барлық вакцинаны 18-ге дейінгі балаларға егуге тыйым салынған. Оның үстіне балаларға екпе егуге міндеттесе, ата-аналардың перзенттерін мектепке жаппай жібермей қою қаупі бар.

"Асхат мырза, егер күзде вакцина оқушыларға да салынатын болса, біздер балаларымызды мектепке жібермейміз! Онлайн оқытамыз", – дейді министрге жүгінген Шолпан Қ.

Әйтсе де, пікір білдірушілер педагогтердің егілгенін қалайды.

"Меніңше, бүкіл мұғалім мен оқытушы вакцинациялануы керек. Егілмесе, әрбір 7 күн сайын өз қаржысына ПТР-тест тапсырып, сау екені туралы анықтама алып жүрсін. Кімге бұл ұнамаса, жол ашық, сау болыңыз! Бүгінде педагогтер жақсы жалақы алады, біз оларға ең қымбатымызды – жас ұрпақты сеніп тапсырамыз. Жауапсыздық танытқысы келсе, таңдау жасасын. Негізі, елдегі коронавирус пен вакцинаға қарсы фейктермен, надандықпен педагог бірінші болып күресуге тиісті. Халық арасында ағарту жұмысын жүргізу, заманауи білім, дұрыс ақыл беру орнына интернеттен, әлеуметтік желілерден таратылатын дәлелсіз сандыраққа өзі сенетін болса, ондай педагогтің керегі не?", – дейді Евгений Товкус.

Өз кезегінде ұстаздар бұл тұрғыда онсыз да қысым бар екенін айтуда. Мұғалім Мейіржан Темірбек "Вакцина алмасаңыздар сағат алмайсыздар!" деп мәселені төтесінен қойып жатқан жер барын білдірді: "Министр "сағат бермейміз" деп бастап беріп еді, білім бөлімдерінің басшылары окоптан атып шығып, "желкелеп" жатыр", – дейді ол.

"Әзірге өз еріктеріңіз деп жатыр. Жазғы демалыстан қайтқасын, қалай боларын бір Құдай біледі. Біздің Арал жақта әзірге ондай қыстау жоқ. Арты не болады деп күтіп отырмыз", – дейді ұстаз Н.Бекішова.

Өзге педагогтер зейнет жасына жетіп қалған, сондай-ақ созылмалы дерті бар немесе жүкті ұстаздарды вакцина егуге мәжбүрлемеуді сұрайды: "зорлық жасамау керек, олардың өміріне ешкім кепілдік бере алмайды".

Қалай болғанда, дәстүрлі форматқа көшу мәселесінде ата-аналарды қауіптендіретін мәселе жетерлік. Нұр-Сұлтан тұрғыны Әлия Ғ. баласының 4-ші тоқсанды кезекші сыныпта дәстүрлі түрде аяқтағанын айтады. Ол каникулға шыққанша, ананың көңілінен үрей кетпепті. 

"Біздің №59 мектеп-лицейде биология пәні мұғалімінің бойынан коронавирус табылып, ауруханаға жатқызылды. Ол 9-шы және 11-шы  сыныптардағы оқушыларға сабақ беріп, балалармен, мұғалімдермен қаннен-қаперсіз араласып жүрген. Ал соның алдында, оқушылардың бірі осы індетпен ауыратыны әшкереленіп, мектеп 14-күнге жабылды, балалар онлайн оқуға көшірілді. Алайда артынша ұстаздан КВИ табылғанымен, мектепті сол бойы карантинге жаппады. Неге бірде жауып, бірде жаппай, салғырт қарайтыны белгісіз", – дейді ол.

Әдетте әрбір мектепке ең алдымен, мектеп директоры, содан кейін жергілікті әкімдік жауап береді. Бірақ онлайн оқыту жағдайында білім жүйесі үшін бар жүк пен жауапкершілік Білім және ғылым министрлігіне түсуде. Демек, БҒМ-ның білім ордаларын тезірек дәстүрлі оқытуға қайта көшіруге асығуында ведомстволық мүддесі болса керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу