Қазақстан Қытайдағы ең перспективалық туристік бағыт атанды

351

Аспан асты елінен республикамызға келген туристердің саны артқан. 

Қазақстан Қытайдағы ең перспективалық туристік бағыт атанды Фото: canva.com

Қазақстан 2025 жылы ҚХР-дағы ең перспективалық туристік бағыт деп танылды. Бұл туралы "Kazakh Tourism" компаниясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақпаратқа сәйкес, еліміз "2025 жылғы ең перспективалық жаңа бағыт" марапатын иеленді. Бұл беделді аталым "Kazakh Tourism" компаниясына Қытайдың жетекші онлайн-туристік агенттігі Tongcheng Travel тарапынан берілді.

Tongcheng Travel – Қытайдағы ең ірі онлайн-туристік агенттіктердің бірі және саяхатты жоспарлауға арналған кешенді қызметтерді ұсынады.

Бұл платформаның 230 миллионнан астам қолданушысы бар. Онлайн-агенттік деректеріне сүйенсек, 2024 жылы қытайлық туристер арасында Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 300% арта түскен. Tongcheng Travel бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжайды.

"Туризм жылы аясында Қытай туристерінің қатары шамамен екі есе артқанын және Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық. Біз бұл үрдісті қолдап, Аспан асты елінің жетекші онлайн-платформаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді діттеп отырмыз", – деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Басқармасы төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

Былтыр Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы нәтижесінде ҚХР-дан келген туристер легі 78%-ға ұлғайып, 655 мың адамға жеткен. Бұл Қазақстанның табиғи ландшафттарына, тарихи ескерткіштеріне және мәдени мұраларына деген ерекше қызығушылықты көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу