Қазақстан Қытайға газ экспорттайды

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4336

"Rolls Roуcе" компаниясының агрегаты орнатылған компрессорлық станса сағатына 2,4 миллион текше метр газ айдайды.

Қазақстан Қытайға газ экспорттайды

Жамбыл облысында Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбырының жаңа №3 компрессорлық стансасы (КС-3) іске қосылды.

"Орталық Азия-Қытай" трансұлттық жобасының бір бөлігі болып табылатын станса оңтүстік өңірді көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, Қытайға газ экспорттауға мүмкіндік берді.   

№3 компрессорлық станса газ тасымалдау көлемін жылына 25 миллиард текше метрге жеткізуге септеседі. Мұнда сағатына 2,4 миллион текше метр газ айдайтын "Rolls Roуcе" компаниясының агрегаты орнатылған.

Стансаның ашылу салтанатында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев: "Бұған дейін қыстың көзі қырауда Қазақстанның оңтүстік өңірі газ тапшылығын сезініп, Өзбекстанның көгілдір отынына тәуелді болып қалатын. "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбыры іске қосылғаннан бері бұл тәуелділік жойылып қана қоймай, ішкі нарықтан артылған газды экспортқа шығаруға мүмкіндік туды", – деді.

Әкімнің айтуынша, "Интергаз Орталық Азия" АҚ-ның "Бұхара газды регионы-Ташкент-Бішкек-Алматы" магистральдық газ құбырына жүргізген қайта жаңғырту жұмыстары тасымалдау мүмкіндігін ұлғайтқан.

"Өткен жылы құны 20,5 миллиард теңгені құрайтын "ТIP-02 Ақыртөбе" газ сығымдау стансасы іске қосылды. Биыл "Азия газ құбыры" компаниясы Жамбыл облысы аумағында салынып жатқан үш газ сығымдау стансасының үшіншісін іске қосты. Станса газ желісінің жылдық қуатын 25 миллиард текше метрге жеткізеді деп күтілуде. Оның 5 миллиард текше метрі экспортқа шығарылмақ. Сонымен қатар, Қордай ауданының таулы жерінде орналасқан 12 елді мекені осы "С" желісі арқылы газдандырылатын болады", – деді аймақ басшысы.

Мақсатқа жету үшін келесі жылы "Отырар АГРС"-тің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Болашақта осы желі арқылы Мойынқұм ауданының 9 елді мекені газдандырылады.

"Бұл стансаның Жамбыл өңірі үшін маңызы зор. "Қазақстан – Қытай" магистральдық газ құбырындағы "С" желісі қуатының өсуі облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз", – деді облыс басшысы.

Айта кетейік, бүгінде облыстың 377 елді мекенінің 48%-ы газбен қамтылған. Сондай-ақ өңірді газдандыру бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін 147 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Егер жоспар орындалса, облыстағы елді мекендердің 87%-ы көгілдір отынның қызығын көреді.

Станса жұмысының іске қосылу салтанатына қатысқан "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев елімізде соңғы 9 жылда 11 станса ашылғанын, биылдың өзінде екі станса іске қосылып, оңтүстік өңірді газбен толық қамтамасыз етуге және  Қытайға көгілдір отын экспортауға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу