Қазақстан Қытайға түйе сүтін экспорттайды

3609

Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы тауарларын сатуды ұлғайтады. 

Қазақстан Қытайға түйе сүтін экспорттайды Фото: 24.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша бірқатар келісімге қол жеткізілген.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы Азамат Забеков Қытайға сүт өнімдері мен жүн шикізатының шығарылу әлеуеті жоғары екендігін жеткізді.

"Өздеріңіз білетіндей бізде қазір Қытайға балық, балық өнімдерін, бал, қой еті мен сиыр етін жеткізуге келісімдеріміз бар. Мемлекет басшысы Қытайға барған сапарында мал шаруашылығы, атап айтқанда сүт өнімдері мен жүн шикізатына қатысты екі хаттамаға қол қойылды. Қол қойылған хаттамалар қой, сиыр, ешкі сүтінен жасалған өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді. Бие сүтін шығаруға қатысты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ бірегей өнім – құрғатылған түйе сүті бойынша да келісім жасадық", – деді Азамат Забеков ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің басшысы Еркен Омаров Қытайға өсімдік өнімдерін экспорттау да ұлғайып келе жатқандығын айтты.

"Бүгінгі күні министрлік сегіз хаттамаға қол қойды, бұлар - бидай, ұн, арпа, рапс күнжарасы, жоңышқа, жүгері және кебек. Президент Тоқаевтың сапары кезінде зығыр дәні бойынша да хаттамаға қол қойылды. Одан әрі жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта жемшөп жөнінде хаттамаға қол қою жоспарлануда. Сондай-ақ рапс және басқа дақылдарға қатысты келісу жұмыстары жүргізілуде",- деді Еркен Омаров.

Құрғатылған түйе сүтін Қытайға сатуға мүмкіндік алған бизнес өкілдері қуаныштарын жасыра алмады.

"Сүттен жасалған дайын өнімді Қытайға экспорттауға келісімді үш жыл күттік. Бие сүтінен жасалған құрғақ сүтті басқа шетелдерге шығарамыз. Жарты жыл бұрын түйе сүтін құрғатуды бастадық. Егер тауарымыз экспортқа шығып жатса, өңіріміздегі мал ұстайтын халыққы да жақсы болар еді. Бізге сүт өткізіп, қосымша табыс табады. Қазірдің өзінде фермерлер хабарласып тауарларын ұсынуда. Қытай нарығы үлкен, жылына 100 тонна құрғақ сүт сатуды жоспарлап отырмыз. "Атамекен" ҚР ҰКП, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған көрмелерге қатысып, оннан астам Қытайлық компаниядан ұсыныс алдық. Бүгінгі күні өнімдерімізді Ресей, Беларусь, Гонконг тәрізді мемлекеттерге экспорттаудамыз, сондай-ақ интернетте amazon.com сауда алаңы арқылы да сатып жатырмыз",– деді бизнес өкілі Меруерт Рахымбердиева.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу