Қазақстан лаңкестікке қарсы жаһандық бастама көтерді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3647

ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко әлемде халықаралық лаңкестердің күшейіп келе жатқанын айта келіп, терроризмге қарсы күрес жөнінде халықаралық конвенция қабылдауды ұсынды.

Қазақстан лаңкестікке қарсы жаһандық бастама көтерді

Оның айтуынша, соңғы екі жылда ДАИШ содырлары лаңының құрбандарын санамағанда әлемде 3000 адам террорлық әрекеттен қаза тапса, он мыңдаған жазықсыз жан жараланған. Ал Қазақстанда соңғы 5 жылда тоғыз террорлық әрекет ұйымдастырылыпты.

Осы орайда, Андрей Кравченко ғасыр дертінен құтылудың жолы ретінде ортақ конвенция қабылдауды ұсынды.

"Терроризмге қарсы халықаралық конвенцияның құрылуы лаңкестердің жолын жауып, лаңкестікке қарсы әлем елдерінің бірлесіп күресетін алаңы болар еді", – дейді прокуратура өкілі.

Айта кетейік, Қазақстанның осы мәселеде халықаралық бастама көтергені алғаш емес. 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сыртқы істер министрлігі БҰҰ жанынан лаңкестікке қарсы күрес желісін құру туралы бастама көтерген еді. Мемлекет басшысы лаңкестік әрекеттердің тыйылмауын мемлекеттердің өзара ауызбірлігінің жоқтығымен байланыстырған болатын.

Жалпы Қазақстанның соңғы уақытта терроризмге қарсы күресті күшейтуін сарапшылар ішкі және сыртқы фактормен байланыстырады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы елде лаңкестік әрекеттер күшейе түсті.

"Өткен жылы Қазақстанда жиһадшылардың қылмысы көптеп тіркелді. Құзіретті органдар 12 террорлық әрекеттің алдын алды. Терактілерге барғаны немесе бастағаны үшін 182 адам сотталды. Лаңкестікті қаржыландырғаны үшін халықаралық террорлық ұйымның үш тобы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бес шетел азаматы өз елдерінің құқық қорғау органдарына тапсырылды", – дейді ҰҚК Терроризмге қарсы күрес штабы басшысының орынбасары Сергей Швейкин.

Мамандардың пікірінше, ішкі террорлық әрекеттер сыртқы арандатушы күштің тікелей араласуымен ұйымдастырылады. Халықаралық сарапшылар азаматтардың лаңкестік ұйымдарға мүше болуына ғаламтордың ықпалының күшті екенін айтады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, террорлық ұйымға кіргендердің 80%-ы ғаламтордағы террорлық мазмұндағы жазбалардың құрбаны болған.

Екінші жағынан, Орта Азиядағы қауіпсіздік мәселесі де Қазақстанның антитеррорлық бастама көтеруіне себеп болып отырғанын айтады сала мамандары. Астанада өткен Сирия келіссөзінің ұйымдастырылуында саяси мүддесі болмағанымен, Қазақстанның аймақтағы әскери тұрақтылыққа мұқтаждығын айтқан еді келіссөзге қатысқан батыс сарапшылары. Олардың пікірінше, Сириядағы жағдайдың аймақ елдеріне тарап кетпеуі үшін халықаралық қауымдастықтың әскерінің шығарылмауы бірінші кезекте Орта Азия елдері үшін керек.

Андрей Кравченконың айтуынша, халықаралық лаңкестерді негізгі қолдаушылар – заңсыз қару мен есірткі айналымымен, адам саудасымен және мұнай ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтар. Олармен күресу үшін әлем елдері ортақ шара қабылдап, бір ұйым астында әрекет етуі керек.

Мәселенің халықаралық деңгейде шешілуіне осындай ұсыныс тастаған елдің басты бақылаушы органы түзеу колонияларындағы жағдайды да назардан тыс қалдырмау керектігін ескертеді. Андрей Кравченко террорлық ұйымдардың қылмыскерлерді абақты ішінде арбап алатын да ұяшықтары барын айтады. Ол: "лаңкестік әрекеті үшін сотталған қылмыскерлерді өзгелерден оқшаулап тастау керек", – дейді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу