Қазақстан матриархаттың алдында тұр ма?

3996

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Қазақстан матриархаттың алдында тұр ма?

camonitor.kz : "Қазақстан матриархаттың алдында тұр ма? Ер-азаматтар төмендеп, әйел заты алға шығып барады ..." деп жазады аталмыш басылым. Көтерілген бұл мәселеге байланысты Рахымбек Әбдірахманов өз пікірін білдірген.

Басылымның хабарлауынша, қазіргі кезде әйелдерді ер-азаматтармен салыстыратын түрлі зерттеулер көп. Әйелдер әлдеқайда ұқыпты, қиындыққа төзімді, жетекші ретінде неғұрлым тиімді. Нақты сандармен өрнектесек, нəзік жандылар еркектерге қарағанда 70% ұқыпты болып келеді, жауапкершілігі жағынан ерлерден 80% асып түседі, ішімдік пен темекіні 75% аз пайдаланады. 

"Қазақстандық әйелдер мансап жағынан асып түсіп қана қоймай, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Сонымен қатар әйелдердің саяси-қоғамдық өмірде белсенділік танытып, азаматтық құқық, адам құқығы мәселесін көтеріп жүргенін жиі байқаймыз. Олардың бүгінгі белсенділігі мен батылдығына өткен ғасырдағы батырлар тамсана қарар еді. Мұның барлығы алдағы уақытта басқару жұмыстары, жетекшілік әрекеттері мен шешім қабылдау міндеті ер-азаматтардан әйелдерге ауысатынын көрсетіп отыр", – деп санайды Рахымбек Әбдірахманов.

Сарапшының мәліметіне жүгінсек, Қазақстанның әрбір үшінші ер-азаматы жұмыссыз немесе тұрақты жұмысы жоқ. Бөріктілердің көпшілігін жұбайлары асырап отырады, ал олар оған намыстанбайды да.

"Стратегический консалтинг" атты зерттеу компаниясының дерегі бойынша, қазақстандық еркектердің мәдени, біліктілік деңгейі төмендеп барады. Зияткерлік жұмыспен шұғылданатын ерлердің саны бес пайыздан аспайды.

liter.kz: "Ұят" және коронавирус: ақсақалдар қазақстандықтарды карантин кезінде тойға бармауға шақырды" деп жазады аталмыш газет. Мұндай үндеуді олар әлеуметтік жоба арқылы жеткізген. Жобаны ұйымдастырушылар "қазақстандықтар қарттардың кеңесіне құлақ асатын шығар" деп үміттеніп отыр.

Бұл басылымның хабарлауынша, Қазақстанда Ақсақал.кз жобасы сұранысқа ие болып келеді. Бұл жоба арқылы егде жастағы азаматтар өз пікірін ортаға салып отыра алады. Аталмыш жоба әлеуметтік жобалардың біріне жатады.

"Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, азаматтар қарттардың кеңесіне құлақ асатын шығар. Бізге Түркістан облысындағы  Ақбұлақ ауылында тұратын Сейсенгүл Толықбаева апа хабарласты", – дейді жоба ұйымдастырушы Ермек Дүйсенханов.

Өз үндеуінде Түркістан облысының тұрғыны Сейсенгүл Толықбаева қазақстандықтарға "Пандемияға қарсы тұру үшін бетперде тағып жүріңдер, өздеріңді және жақындарыңды күтіңдер, арақашықты сақтауды ұмытпаңдар" дегенді айтқан.

caravan.kz: "Дала пирамидасының құпиясы": Алматы аудандарының біріндегі қорғанға кім жерленген?" атты мақаланы аталмыш газет беттерінен оқуға болады.

Бір-екі күнде археологтар Алматының Наурызбай ауданында орналасқан қорғанда кім жатқанын анықтайды. Сақ дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштің 2400-2500 жылдық тарихы бар.

"Біздің мақсатымыз – төбенің конструкциясын сақтап қалу, болашақта оны қайта қалпына келтіру. 3D форматында жасап көрдік, сол себептен оның түрі қандай болатынын білеміз. Мұндай жұмыстарды әлемнің көптеген елінде, мәселен, Оңтүстік Корея, Венгрия, Франция, Италияда жүргізеді. Бұл жерге керемет археологиялық саябақ салуға болады. Тәжірибе бар, жұмысы да қымбат емес. Борандайдағы қорымға бутофория салып қойды. Өте қызық. Бұл төбені жауып қоюға болады, адамдардың келіп көруіне де мүмкіндік жасалған. Жергілікті тұрғындар таңданыстарын жасырмай: "Қандай әдемі!" деп жатады. Бұл ашық аспан аясындағы дайын музей ғой!", – дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Гүлнар Жұмабекова.

express-k.kz: "Қазақстандықтар киелі жерлерге жиі баратын болған" деп хабарлайды басылым. Оған пандемияға байланысты шекаралардың жабылғаны себеп болған. Зиярат етушілер саны 20%-ға өскен.

Басылымның хабарлауынша, ел тұрғындарының киелі, тарихи жерлерге қызығушылық танытып, көп келе бастағаны "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасының басты индикаторы болып табылады. Келушілерге ыңғайлы әрі қолайлы болу үшін инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ресми дерек бойынша, Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесі, Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Маңғыстау облысындағы Укаш ата кесенесіне келушілер саны артқан. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу