Мемлекеттік "Хабар" телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірберген Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі ғимаратынан күштеп шығарылды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде оқиға қызу талқыланып жатыр.
Қазақстан МедиаАльянсы қауымдастығы атынан бұл оқиғаның еліміздегі БАҚ туралы Заң талаптарына қайшы келетіндігін хабарлаймыз. Кез келген БАҚ қызметкері халықты жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті. Кәсіби міндетін атқаруға ешкімнің де кедергі келтіруіне болмайды. "Хабар" арнасының тілшісіне қатысты өрескел әрекет Қазақстан Республикасының БАҚ туралы Заңының 1-бап, 18 тармақшасына және 2-бап, 1-ші және 2-ші тармақшаларына мүлдем қайшы. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарламалар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсуге заң жүзінде тыйым салынған. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Мемлекет басшысының "Еститін Үкімет" қағидасына еш сыйыспайтын оқиғаға жол бергендері үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің басшысы мен оқиғаға қатысы бар мемлекеттік қызметкерлер тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс.