Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Ермек Көшербаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталып, елдің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Министр 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іске асырудағы маңызды кезең болатынын айтты.
Өз кезегінде америкалық тарап Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге елеулі мүмкіндік бар екені атап өтілді.
Кездесуде су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы талқыланды.
Сонымен қатар тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін "G20" саммитіне дайындық барысын сөз етті. Саммитке Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады.
Осыған байланысты Қазақстан мен АҚШ жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды қалыптастыру үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.