Қазақстан мен Америка саудасына тосқауыл болған заңды жою керек – америкалық сенатор

2963

АҚШ-тың Қазақстанмен еркін сауда-саттық жүргізуіне бұрынғы кеңестік мемлекеттерге қарсы шектеу – 1974 жылы қабылданған Джэксон-Вэник түзетулері себеп. 

Қазақстан мен Америка саудасына тосқауыл болған заңды жою керек – америкалық сенатор Фото: pixabay.com

Америкалық сенатор Крис Мерфи АҚШ конгресін Орталық Азияның үш еліне қатысты Джексон-Ваник түзетуін жоюға шақырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сенатор сайтына сілтеме жасап.

Джэксон-Вэник түзетулері – эмиграцияға қарсы келетін, басқа да адам құқықтарын бұзатын елдермен сауда-саттықты шектейтін 1974 жылы АҚШ сауда заңына енгізілген түзету. Аталмыш түзету қырғи-қабақ соғысы кезінде негізінен КСРО-ға қарсы бағытталған санкцияларды көздеді, яғни екі ел арасында сауда-саттықтың жайлы ортасын қалыптастыруға, кез-келген несие мен несие кепілдігін беруге тыйым салынды. Мұндай шектеулер Албания, Вьетнам, КХДР-ға да қатысты болды.

Кеңес Одағы ыдырап, одан біраз жыл өткеннен кейін ғана бұрынғы державаның құрамында болған кейбір елдерге қатысты түзету өз күшін жойды. Ең қызығы, бірінші болып шектеу 2006 жылы Украинаға қатысты  жойылды, кейін тізімнен Ресей, Молдова алынып тасталды. Ал оның аясында әлі күнге дейін Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан қалды.

Соңғы гео-ахуалға байланысты АҚШ тез арада Орталық Азия елдерімен барлық бағыттар бойынша серіктестікті күшейтуге кірісті. Естеріңізде болса, Энтони Блинкен Астанаға арнайы келіп, Орталық Азия мемлекеттерін Ресей мен Қытайдан тәуелсіздіктерін сақтауға үндемек болды. Ал бүгін америкалық сенатор Крис Мерфи АҚШ конгресін Орталық Азияның үш еліне қатысты Джексон-Ваник түзетуін жоюға шақырды. 

Крис Мерфи Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою АҚШ-қа үш елмен тұрақты сауда қатынастарын орнатуға мүмкіндік береді деп санайды.

"Өкінішке орай, біздің жолымызда анахронистік заң тұр. Кеңес Одағы бұрыннан жоқ, бірақ қырғи қабақ соғыс дәуірінің бұл қалдығы біздің Қазақстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен қарым-қатынасымызды шектеуді жалғастыруда", – деп атап өтті Мерфи.

Джексон-Ваник түзетулерін жою туралы заң жобасы осы жылдың мамыр айында конгреске ұсынылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу