Қазақстан мен Ауғанстан сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр

148

Бұл жолы форум Кабулда өтті. 

Қазақстан мен Ауғанстан сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр Фото: Үкімет

Кабулда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хаджы Нуриддин Азизи жыл сайынғы Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумын ашты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Форумға агроөнеркәсіп кешені, технология, машина жасау, химия өнеркәсібі мен IT саласындағы 50-ден аса компания, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі $541,8 млн-ды құрады. Сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында сауда айналымын қысқа мерзімде $3 млрд-қа жеткізу міндеті тұр.

Қазақстан Ауғанстанды стратегиялық әріптес және Оңтүстік және Орталық Азия өңірінің негізгі логистикалық хабы ретінде қарастырады. Ағымдағы ынтымақтастық шеңберінде жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту, инвестициялар үшін жағдай жасау, логистикалық және сертификаттау кедергілерін жою, бизнес пен электрондық сауда алаңдары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту жоспарлануда.

"Біздің тарапымыздан ауғандық әріптестерімізге астық, ұн, майлы дақылдар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, өнеркәсіптік жабдықтар және басқа да сұранысқа ие тауарларды жеткізу бойынша бәсекелі жағдай ұсынуға дайынбыз. Бұл ретте Қазақстан экспортқа ғана емес, сонымен қатар Ауғанстан аумағында, әсіресе тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тоқыма сияқты салаларда бірлескен өндірістерді іске асыруға мүдделі", – деп атап өтті Серік Жұманғарин өз сөзінде.

Бизнес өкілдері мұндай бизнес-форумдардың айтарлықтай маркетингтік әсер беретінін атап өтті. Олардың айтуынша, компаниялардың ресми делегациялар сапарларына қатысуы шетелдік әріптестер тарапынан сенім деңгейін арттырып, іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.

"Біз алғаш рет 2023 жылы осы алаңда өткен бизнес-форумға қатыстық. Осы сәттен бастап күнбағыс майын жеткізу көлемі арта бастады. Егер 2022 және 2023 жылдардағы маусымдарды салыстыратын болсақ, жеткізілім көлемі 17 мың тоннаны құрады. Ал ағымдағы маусымда бұл көрсеткіш 75 мың тоннаға жетті. Үш маусым ішінде біз жеткізілім көлемін төрт еседен астам арттырдық. Келесі маусымдағы мақсатымыз – күнбағыс майын жеткізу көлемін 110-120 мың тоннаға жеткізу", – деп атап өтті Қазақстанның май саласы қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы барысында Серік Жұманғарин ауған тарапына қазақстандық "BARK Technology" компаниясының бірегей инновациялық әзірлемесі – "BARK VibroLUNG" өкпенің виброакустикалық терапиясына арналған медициналық аппаратын сыйға тартты.

Аппарат виброакустикалық әсер арқылы тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартуға және тыныс алу жолдарын тазартуға арналған. Технология тыныс алу органдары аурулары бар пациенттерді кешенді емдеу және оңалту барысында тиімді қолданылып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ форум алаңында қазақстандық "Konsung Technology" ЖШС өндіретін HES-7 жүйесімен жабдықталған мобильді диагностикалық кешен таныстырылды. Жасанды интеллект көмегімен HES-7 жүйесі ЭКГ және функционалдық диагностика жүргізуге, жүрек-қан тамырлары жүйесі, бауыр, бүйрек, қан және өкпе ауруларын анықтауға, қант диабетін диагностикалауға, зертханалық жедел талдаулар жасауға және емдеуді жедел тағайындауға мүмкіндік береді. Бизнес-форум қорытындысы бойынша Ауғанстанға жалпы құны $45 млн болатын осы мобильді жабдықтың 4500 бірлігін жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу