Қазақстан мен Франция президенттері халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады

1496

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді және Орталық Азиядағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Франция президенттері халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады Фото: akorda.kz

Парижге ресми сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Келіссөзге дейін Елисей сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

"Тараптар екі елдің білім және мәдениет салаларындағы байланыстарын нығайту жөнінде пікір алмасып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және Орталық Азия өңіріндегі жағдайды талқылады", деп жазылған хабарламада.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен келуге шақырғаны және Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануына орай құттықтағаны үшін Эмманюэль Макронға алғыс айтты.   

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан Францияның  стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Энергетика саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Еуропалық Одақ Қазақстандағы түрлі жобаларға инвестиция салып келеді.

"Сонымен қатар Эмманюэль Макрон 2024 жылы Қазақстанда француз тілінде оқытатын жаңа мектептер ашылатынын айтты", деп жазады Ақорда баспасөз қызметі.

Франция Президенті Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Мемлекет баспасөз қызметінің хабарлауынша, Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына  жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кірді. Соңғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары.

Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді.  

Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвесторлары саналатын Total Energies, Air Liquide,  Airbus,  Alstom, Orano  және Danone  секілді компаниялар бар. Былтыр елдеріміз Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекітті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу