Қазақстан мен Германия энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

108

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан мен Германия энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады Фото: Энергетика министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрі Катарина Райхемен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында тараптар технологиялық әріптестікті дамыту, энергетикалық инфрақұрылымға инвестициялар тарту және мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Келіссөздер "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында өтті. Тараптар Германияның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан мұнай жеткізілімін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ экспорттық тасымалдардың қазіргі макроэкономикалық жағдайларға бейімделуі, Каспий құбыр консорциумы жүйесі мен баламалы транзиттік бағыттарды тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында Ерлан Ақкенженов Қазақстанда неміс компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, еуропалық инженерлік шешімдер еліміздің энергетика саласына сәтті енгізілуде. Атап айтқанда, Siemens Energy компаниясы Алматы қаласы мен Түркістан облысында салынып жатқан жаңа генерация нысандарын заманауи газ турбиналарымен қамтамасыз етіп жатыр.

Тараптар тұрақты даму бағытындағы ірі жобалардың бірі – Маңғыстау облысында жүзеге асырылып жатқан Hyrasia One жобасына да ерекше назар аударды. Svevind Energy компаниясы қолға алған жоба іске қосылғаннан кейін жылына 2 миллион тоннаға дейін экологиялық таза сутегі өндіруге мүмкіндік береді. Бұл алдағы онжылдықта Еуропалық одақтың импорттық сұранысының шамамен 20 пайызын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

– Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық ынтымақтастық өзара тиімді экономикалық әріптестік қағидаттарына негізделіп дамып келеді. Қазақстанның табиғи ресурстары мен Германияның озық технологияларын ұштастыру арқылы біз ұзақ мерзімді әрі сенімді энергетикалық ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырып жатырмыз,  – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Германия өкілдері энергетика саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, техникалық және экономикалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу