Премьер-министр Олжас Бектенов Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесіп, экономика, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және аса маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан үшін Германия Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестердің бірі саналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Германиямен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. 2025 жылы өзара сауда көлемі $4,4 млрд-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артты. Алдағы кезеңдедегі басты міндетіміз – екі ел арасындағы дәстүрлі сауда-инвестициялық ынтымақтастықты неғұрлым дамыған өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға айналдыруды қамтамасыз ету. Біз өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және жоғары білікті кадрлар даярлау арқылы өнеркәсіп кооперациясын жаңа деңгейге шығаруға мүдделіміз, – деді Олжас Бектенов.
Кездесуде ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында CLAAS және Horsch компанияларының өндірісті кезең-кезеңімен локализациялау тәжірибесі оң бағаланып, бұл модельді басқа салаларда да қолдану мүмкіндігі айтылды.
Өз кезегінде Катерина Райхе Қазақстанның экономикалық даму қарқынына жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.
– Біздің елдерімізді ұзақ жылдарға созылған берік әрі сенімді ынтымақтастық байланыстырады. Сауданы ғана емес, өнеркәсіптік кооперацияны да дамыту, Қазақстанда жаңа өндірістер ашу маңызды. Германиялық компаниялар Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция салып келеді, алайда мен бұл әлі де мүмкіндіктердің шегі емес екеніне сенімдімін. Біздің өзара іс-қимылымыздың әлеуеті әлдеқайда кең, сондықтан екі елдің экономикасы мен мемлекеттердің мүддесі үшін бұдан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізе аламыз, – деді Германияның федералды экономика және энергетика министрі.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыру жұмыстарын жалғастыруға дайын екендерін растады.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға өсті. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына шамамен 7,8 млрд АҚШ доллары көлемінде герман инвестициясы тартылған. Былтыр Германиядан келген тікелей инвестиция көлемі 28,5%-ға артып, 700 млн АҚШ долларына жетті. Қазір елімізде герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп, 23 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.